Ақтөбеде Даун синдромына шалдыққандар дауа іздейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде Даун синдромына шалдыққандар дауа іздейді

15.03.2024

Ақтөбеде Даун синдромына шалдыққан балалар шіркеуге қарасты шағын ғимаратты паналауға мәжбүр. Өйткені, басқа барар жерлері жоқ. Бұл жердің өзінде психологтан басқа маман қызмет көрсетпейді. Сондықтан ата-аналар жаңа орталық ашып беруді сұрап отыр.

Балалары Даун синдормына шалдыққан бұл ата-аналардың көмек сұрап, бармаған жерлері қалмапты. Алайда, үндеріне құлақ асар біреу табылмай тұр. Тек халықаралық қорлардың бірі ғана осы нысанды уақытша алып берген. Дегенмен, мұнда бір маман ғана жұмыс істейді.

Нұрзия Төлеу, қала тұрғыны:

Шіркеудің қасындамыз. Орыс шіркеудің қасында. Осы жерді берді бізге. Тек қана психолог бар. Ешқандай маман жоқ.Ол мамандар келу үшін жағдай қажет.Әр түрлі құрылғылар қажет. Қаржыландыру қажет.Олар келіп, бесплатно жұмыс істемейді.Сол жағына көмек болса.

Маман болмағандықтан бұл нысанға келетіндер де аз. Біз келген кезде мына екі баладан өзге ешкім болмады. Ал оқу жасындағы балалар негізінен арнайы мектепте білім алады. Дегенмен оларды өмірге, арнайы мамандықтарға бейімдейтін орталық жоқ. Емдік шараларға кететін қаржы тіпті көп.Ата-аналар балаларға берілетін жәрдемақының өзі ештеңеге жетпейді дейді.

Гүлназ Қалменова, қала тұрғыны:

Қосымша диагноздары бар балалардың.Көздері нашар, 99 пайызы жүректеріне операция жасайды, аяқтарына операция жасайды. Жүре алмайды көбісі. Сондай-сондай сұрақтар. Қаражат жағы қиын.Тағы бір проблема – үйге тастап кете алмаймыз. Мысалы, мен өзім жоғары білімді маманмын. Балам үшін үйде отырмын қазір.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдері Даун синдромына шалдыққан балаларға арналған оңалту орталығын ашу әзір мүмкін емес деп отыр. Алайда, демеушілер тарапынан ұсыныс болса, қолдауға әзір.

Бақытжан Түлкібаева, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Жеке меншік көмек көрсеткісі келсе, осындай мүгедек балаларға, оған лицензия алу керек, көмек көрсету бойынша. Сонымен қатар санитарлық-эпидемиологиялық депаратменттен қорытынды алу керек. Содан кейін ғана олар осы қорытындымен, осы лицензиямен мемлекеттік тапсырысқа бере алады өздерінің көмек көрсетулерін.

Ата-аналар орталық ашу үшін соңына дейін күресеміз дейді. Енді олар қоғамдық ұйым құруға ниеттеніп отыр. Қазір облыста Даун синдромына шалдыққан 215 бала бар.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу