Жатыр мойны обыры – екпе арқылы алдын алуға болатын ісіктің жалғыз түрі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жатыр мойны обыры – екпе арқылы алдын алуға болатын ісіктің жалғыз түрі

03.03.2024

Голливуд жұлдызы Анджелина Джоли 2015 жылы аналық бездері мен жатыр түтіктерін операция жасатып, алдырып тастағанда, иә, түрлі пікір айтылды. Алайда бұл - адамның правосы. Өзі анализдерінен обырдың басталып келе жатқанын көрсететіндей маркерлердің табылғанын айтты. Актриса 2013 жылы омырауына да операция жасатып, алғызып тастаған. Себебі омырау обырын туғызу мүмкіндігі 87 процент геннің тасымалдаушысы екені анықталған. Сол сөзіне дәлел сияқты – анасының сіңлісі 56-ақ жасында кеуде безі рагінен көз жұмған.

Обыр ауруы оңай емес. Бірақ ешқашан берілмеу керек. Оның бірінші қадамы – скрининг. Уақытында тексеріліп тұру.

Бұл аурудың күрделі болуының басты себебі – екпенің болмауы. Дегенмен бір түріне екпе ойлап табылған. Жатыр мойны обырына қарсы екпе! Рак-тың бұл түрінің неден пайда болатыны анықталғаны, тиісінше, екпенің табылғаны – өте құнды. Тіпті, мұндай екпенің пайда болуы адамзат үшін олжа деуге болар. Тек біздің елімізде жатыр мойны обыры диагнозы жылына 2000-ға жуық әйелге қойылады, 300 әйел көз жұмады...

Елімізде медициналық күнтізбеге енгізілді, тегін салынады. 11 жастағы қыз балаларға. Балиғатқа толмаған қыз балаға мұндай екпе салуға бола ма деп қашқақтайтын, қорқақтайтын ата-аналарды медициналық ғылым аргументтерімен қаланған Данияр Қайыртай материалында.

Астаналық Айгүл Болатқызы 1,5 жыл бұрын дәрігерге қаралып жүріп, ойда жоқта жатыр мойнында қатерлі ісік пайда болғанын біледі. Гинекологы дереу диагноз қойып, онкологиялық орталыққа жіберген.

Айгүл Болатқызы, Астана қаласының тұрғыны:

Операция болды, осыдан 1 жыл бұрын ақпанда маған жасалды. Мен операциядан шыққанда оң аяғым жүрмей қалды. Мен тұра алмадым.

Сөйтсе, операция кезінде құйымшағындағы жүйкеге зақым келген. Бірнеше айлық оңалтудан кейін ғана аяғының ауыруы жазылып, қайта жүріп кете алған. Қазір шағымы жоқ. Бірақ ісік болмағанда мұндай ауыртпалықтың бірін де басымнан өткермес едім ғой деп өкінеді.

Айгүл Болатқызы, Астана қаласының тұрғыны:

Менің түсінгенім, бізде вакцинация кішкентай қыздарға керек. Ер балаларға да, басқа ересек әйелдерге де. Неге десеңіз, мен өткен қиыншылықтарды еске алсам...Ол өте қиын.

Жатыр мойны обыры – вакцина егу арқылы алдын алуға болатын ісіктің жалғыз түрі. Себебі ауруды қандай инфекция қоздыратыны анықталған. Ол – адамның папиллома вирусы.

Жанерке Әжетова, акушер-гинеколог:

76 пайызға дейін қатерлі ісітің ішінде адам папилломасы вирусының 16-шы, 18-ші типтері кездеседі. Қыздардың организмі неғұрлым жас болса, соғұрлым бұл вирусты жұқтыру, бұл вирусты ары қарай ауруға әкелетін жиілігі жоғары. Сондықтан ерте жыныстық қатынасқа түспе деген сөзімізді қыздар түсіне қоймайды.

Толқын Садықова, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ онкогинекологы:

Жыныстық қатынаспен беріледі. Қазір теріден, тұрмыстық жағдайда, әртүрлі жағдайда шырышты қабатқа еніп, жатыр мойны ғана емес, басқа да жыныс жолдарын, ауыз қуысын, терінің кандиломаларын туғызатыны соңғы 15-20 жылда дәлелденген. Онымен күресудің жолы тек алдын алу.

Ал алдын алатын вакцина ойлап табылғалы 20 жылға жуықтап қалған.

Мәдина Орысбаева, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бөлімінің бас сарапшысы:

Вакцинациялау негізі бүкіл әлемде 2006 жылы басталған. Соның нәтижесінде адам папилломасы вирусының 90 пайызға дейін таралымы тоқтағанын көрсетеді. Бұл вакцинаның тиімділігін көрсетеді, екіншіден вакцинациялаудың қауіпсіздігін көрсетеді.

Жатыр мойнындағы ісіктің алдын алатын вакцинаны әлемнің 135 елі ұлттық иммунизация бағдарламасына енгізген. Ал Қазақстан осы екпені салуды постсоветтік мемлекеттер арасында бірінші болып осыдан 10 жыл бұрын қолға алған еді. Бірақ пилоттық режимде төрт облыста жүрген науқан ақыры аяқсыз қалды.

Толқын Садықова, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ онкогинекологы:

Екі қыз балада вакцина жасағаннан кейін «обморок» дейді ғой, есінен танып қалды. Ондай болады. Сол кезде психо-эмоционалды факторға байланысты ғана тоқтатылды.

Қанат Суханбердиев, ДДСҰ Қазақстандағы өкілдігінің үйлестірушісі:

Олардың денсаулығына сол екпенің тікелей әсері болды ма? Соны білу үшін зерттеу жасалып, қыздардың талып қалуы препараттың кесірінен емес, вакцинация жүргізу тәртібінен болғаны анықталды. Бірақ сонда да иммунизация бағдарламасы жалғасын таппады.

Мәдина Орысбаева, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бөлімінің бас сарапшысы:

Ол кезде вакцинациялаудан 17 мыңнан астам қыз өтті. Бүгінгі күні сол қыздар арасында ана атанған қыздар өте көп, яғни ешқандай да бір зияны жоқ екенін көрсетеді.

Сол жылдары вакцина салдырғандардың бірі – алматылық Жанар Қайдарованың қызы Еркежан. Екпеден кейін ешқандай кері реакция болмағанын айтады анасы.

Жанар Қайдарова, Алматы қаласының тұрғыны:

2013 жылдары мектептен шақырды, жатыр обырына қарсы вакцинаға 12 жастағы қыздар керек деп. Сол кезде келісімімді бердім. Қызыма айттым түсіндіріп. Қызымның өмірі жақсы болсын деп алдырдым.

Қазір Еркежан тұрмыс құрып, балалы болған. Бертінде сол вирустың бар-жоғын анықтау үшін тексерістен де өткен.

Жанар Қайдарова, Алматы қаласының тұрғыны:

Ол вакцина салынғаннан кейін 10 жылдан кейін былтыр 2023 жылы қаңтарда шақырды, институт онкологииға, мазок алды қыздан және ВПЧ-ға анализ алды, сөйтіп тексеріп болғаннан кейін таза болып шықты. Мен өте қуанышты болдым.

Толқын Садықова, Қазақ онкология және радиология ғзи онкогинекологы:

Вакцина алған және екінші группа – алмаған әйелдермен салыстырғанымызда, алған 1200-дің 0,8 процентінде ғана кездесті вирус. Ал алмаған 900 әйелді тексергенімізде 18 процентінде вирустың бар екені анықталды. 1200 қыз баланы біз Алматы қаласында ғана анықтадық, соның 131-інде дұрыс қалыпты жағдайдағы баланы көтеріп, жүктілігі жақсы өтіп, бала дүниеге келді.

Сондықтан 10 жыл бұрын басталып, тез тоқтатылған иммунизация бағдарламасы биыл жанданбақ. Өткен айда жатыр мойны обырына қарсы екпе ұлттық күнтізбеге енді. Яғни, енді 11 жастағы қыздарға бұл вакцина тегін салынады.

Мәдина Орысбаева, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бөлімінің бас сарапшысы:

Бұл міндетті профиликатикалық екпелер қатарына жатады. Бірақ барлық міндетті вакциналар секілді тек қана ата-аналардың немесе қамқоршылардың ақпараттандырылған келісімінен кейін ғана жүргізіледі. Вакцинациялау бізде биылғы күз айларында басталады.

Жанерке Әжетова, акушер-гинеколог:

Вакцинаны жыныстық қатынасқа әлі түспеген қыздарға беретін болсақ, ол организмде иммунитет пайда болып, ертең бұл аурудың 80 пайызға дейін болмауы мүмкін.

Толқын Садықова, Қазақ онкология және радиология ғзи онкогинекологы:

Қазір, мысалы, 100 мың әйелге 1900 жылына ауырады ғой, біз енді соны 100 мың әйелге шаққанда 4 қана әйел ауыратындай жағдайға әкелуіміз керек.

Сол үшін Үкімет биыл адам папилломасы вирусына қарсы вакцинаның 350 мың дозасын сатып алмақ. Ол үшін бюджеттен 9,7 млрд тг бөлінеді.

Мәдина Орысбаева, ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бөлімінің бас сарапшысы:

Бізде 4 валентті вакцина қолданылатын болады. Яғни, ол адам папилломасы вирусының 4 түрінен қорғайды. Ол тірі вакцина емес. Ағзаға енгенде ауру тудырмайды.

Жанерке Әжетова, акушер-гинеколог:

Ол тек жатыр мойны обырынан ғана сақтап қалмайды, сонымен қатар вирус тудыратын кандиллома, папиллома деген аурулар болады, соны да төмендетуге жағдай жасайды. Нақты айтсақ, бедеулікке әкелуі мүмкін бе? Жоқ! Адам папиллома вирусын жұқтырса, органын алып тастайды, жатыр мойнымен бірге жатырдың өзін алып тастайды.

Толқын Садықова, Қазақ онкология және радиология ҒЗИ онкогинекологы:

Вирус кіріп алып организмге, бедеулік туғызады деген ойлар болмасын. Оның сыртында арнайы белок болады адъювант, алюминий тұздарыменен, сонымен қапталған.

Мәдина Орысбаева, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бөлімінің бас сарапшысы:

Вакцинадан кейін бізде күтілетін реакциялар туындауы мүмкін, барлық вакцина секілді. Ол температураның жоғарылауы, бас айналуы немесе салынған орынның қызаруы, ісінуі, бірақ бұл жағдайлар бірнеше күнде өздігінен шешіледі.

Толқын Садықова, Қазақ онкология және радиология ғзи онкогинекологы:

Вакцинацияға қандай балалар келмейді? Өзінің индивидуалды ерекшелігі, аллергиялық реакция немесе бала кезінде, ата-анасы біледі ғой, екпе алғанда аллергиялық реакция берген балаларға енгізілмейді. Сосын қабыну процесі, ОРВИ-мен ауырып тұрса, ондай балаларға жүргізілмейді.

Ал осы онкологиялық ауруға папиллома вирусы себеп болатынын анықтағаны үшін Нобель сыйлығын иеленген ғалым Харальд Цур Хаузен вакцинаны ер балаларға да егуге үндеп өткен. Кейбір елдер құлақ асты да. Ал біз үшін ол келесі кезең...


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу