Қоғамда дау тудырған қосымша құн салығы көтерілмейтін болды. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мәлімдеді. Ол жауапты министрлерге бюджетті толтырудың басқа жолын табу міндетін жүктеді. Мобильді аударымдарға қатысты өзгеріс те қайта қаралуы мүмкін. Олжас Бектенов министрлерге тағы қандай тапсырма берді?
Әр сейсенбі сайын өтетін Үкімет отырысында бүгін алғаш рет Олжас Бектенов төрағалық етті. Жаңа құраммен басқосуға енді тағайындалған 4 министр де келген.
Ант беру рәсімінен кейін еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму және бюджет мәселелері талқыланды. Саладағы негізгі көрсеткіштер жайлы қос жаңа министр есеп берді. Ұлттық экономикаға жауапты Нұрлан Байбазаровтың дерегінше, өткен айда экономика өсімі 3,9 пайызды құраған. Қызмет көрсету 3,5 пайызға, құрылыс 12,8 , өңдеу өнеркәсібі 6,9 пайызды көрсеткен. Алайда, бұл сандарға Олжас Бектеновтің көңілі толмады.
Премьер-министр экономиканы дамыту үшін жаңа жоспар қажет дейді. Ал оны әзірлеуге бір ай ғана уақыт берді. Олжас Бектенов экономикаға салынған инвестиция көлемін де сынады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Негізгі капиталға салынған инвестициялар небәрі 0,6%-ға өскен. Мұндай төмен көрсеткіштер уәкілетті мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің сапасыз жұмысын көрсетеді.
Ал ірі өнеркәсіп үшін ұзақ мерзімді жеңілдетілген несие беру жағы қарастырылмақ. Премьер-министр бюджетке ғана сенім артпай, қаржыландырудың басқа да жолын табу қажеттігін айтады. Бұдан бөлек, Үкімет елде дау тудырған мобильді аударымдар мәселесін де қайта қараймыз деп отыр.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:
Бұл - өте өзекті мәселе. Сондықтан маған оны тағы бір рет қарау туралы тапсырма берілген. Оның өлшем шарттарын, тетіктерін әлі де егжей-тегжейлі қараймыз. Бұл сұраққа қайта ораламыз.
Олжас Бектенов қосылған құн салығына қатысты да дауға нүкте қойды.
Айя Мүтәлі, тілші:
Азық-түлік бағасын тежеу де Үкіметтің басты міндеті. Премьер-министр бұл мәселені күнделікті бақылауда ұстау қажеттігін салаға жауапты Серік Жұманғариннің есіне салды. Биыл инфляцияны 6-8 пайыздан асырмаймыз деп бекініп отыр.
Айя Мүтәлі