Отставкаға жіберілген Үкімет несімен есте қалды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отставкаға жіберілген Үкімет несімен есте қалды?

05.02.2024

Үкімет отставкаға кетті. Тиісті жарлыққа бүгін президент қол қойды. Құжатқа сәйкес Үкіметтің жаңа құрамы жасақталғанша, Әлихан Смайыловтың министрлер кабинеті өз жұмысын уақытша жалғастыра береді. Жалпы отставкаға жіберілген Үкімет несімен есте қалды? Жаңа құрамнан не күтеміз? Сарапшылар не дейді? Тілшіміз тарқатсын.

Досжан Маратұлы, тілші:

Екі жыл бір ай. Бұл еліміздің 11-премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Үкіметті басқарған уақыты. Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев күтпеген жерден Үкімет туралы жарлыққа қол қойып, Смайылов басқарған министрлер кабинетін отставкаға жіберді. Десе де жаңа құрам жасақталғанша, қазіргі министрлер міндетін уақытша атқара береді.

51 жастағы Әлихан Смайылов премьер-министр болып "қаңтар оқиғасынан" кейін тағайындалған еді. Сондықтан оған елді қаңтардан кейін қалпына келтіріп, әлеуметтіК-экономикалық мәселелерді шешу, жұрттың табысын арттыру секілді басым бағыттар бойынша тапсырма жүктелген. Десе де бір жылдан кейін президент Үкіметтің жұмысына көңілі толмайтынын айтып, сынаған еді. Бұған себеп халық тарапынан шағымның көп болуы. Екібастұздағы апат та сенімге селкеу түсірген еді. Сондықтан Үкіметтің кеңейтілген жиынында президент премьерге тосын сұрақ қойып, састырғаны бар..

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Келесі жыл қазіргіден де күрделі қиын болуы мүмкін. Сондықтан мен Премьер-Министр Әлихан Асханұлы Смайыловтан шынайы жауап алғым келеді. Жалпы, жаңа жылға Үкіметтің осы құрамымен аяқ басуға бола ма? Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру Үкіметтің қолынан келе ме? Үкімет іштен және сырттан болатын барлық экономикалық қауіп-қатерлерге қарсы тұра ала ма?

Осы жиыннан кейін көпшілік Үкімет отставкаға кетеді деп ойлаған еді. Тіпті небір саяси сәуегейлер келесі премьердің кім болатынын болжап, әлеуметтік желіні қыздырған. Десе де президент тағы бір мүмкіндік беріп, өткен жылы наурызда Смайылов жаңа тәртіп бойынша премьер-министр болып қайта тағайындалған болатын. Оның кандидатурасын аманат партиясы ұсынған еді. Ал сарапшылардың айтуынша Үкіметтің жұмысын нашар деп бағалауға болмайды. Инфляцияна ауыздықтады, экономикалық өсім бар.

Бауыржан Ысқақов, экономист:

Негізгі жұмысы карантиннен кейінгі тығырықтан алып шығу экономиканы, одан кейін 2022 жылы 20 пайыздан асып кеткен инфляцияны қалпына келтіру,одан кейін басқа да әлеуметтік бағдарламалардың орындалуына, тиісті жұмыстарды жасады. Яғни мұның барлығы да ағымдағы жұмыстар.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Елімізде біраз жақсы өзгерістер де бар. Оны көріп отырсыздар. Әсіресе осы жақсы жаңалықтардың бірі Ұлттық қор - балаларға деген жобаның іске асқаны. Қаншама азаматтар оған қуанып жатыр. Бірақ жақсы өзгерістер бар. Бірақ әттеген-айлар да аз емес.

Сол әттеген-айлардың бірі Үкіметтің апат кезіндегі жұмысы.

Олжас Бейсенбаев, қоғамдық даму институты төрағасының орынбасары:

Абай облысындағы өрт, бірнеше ТЭЦ-тің істен шығуы бар тағы басқасы бар, жақында болған жер сілкінісі жағдайында да біздің Үкіметтің жедел іс қимыл жасауы және де сондай жағдайдың алдын алу жөнінде бізге бір үлкен кризис менеджерлердің керек екенін көрсетіп берді Үкімет қатарынан.

Жалпы сарапшылар Үкіметтің жиі отставкаға жіберілгені дұрыс. Тиісті межені белгілеп, есебін алуымыз керек дейді. Бұл президенттің ықпалды парламент, есеп беретін Үкімет қағидасын іске асыру үшін қажет. Сондықтан Үкімет отставкасы оның жұмысына импульс беретін жыл басындағы тиімді шаралардың бірі болды дейді.

Досжан Маратұлы, тілші:

Отставкаға жіберілгенімен, министрлер әзірге өз орындарында. Тек ресми қызметтеріне "міндетін уақытша атқарушы" деген тіркес қосылды. Ал жаңа Үкімет құрамы алдағы бірнеше күнде жасақталуы қажет. Әзірге премьер-министрдің қызметін оның орынбасары болған Роман Скляр атқарып жүр.

Хабарламаларға жазылу