Наурыз - жаңару мен жаңғырудың бастауы
Заманға икемделе тігілген тақия мен шапан киген ерлер, бешпетті арулар мен кимешегі жарқыраған әжелер... Жылдағы дәстүрге сай биыл да Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы ел көлемінде бар сән-салтанатымен тойланды.
Тамыры тарихқа бойлаған, әр тасы шежіре шерткен киелі мекен – Түркістанда өткен мерекелік шараға Президент қатысты. Мемлекет басшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып зиярат етті. Президентке сан алуан дәстүріміз бен рухани қазынамызды бейнелейтін туындылар таныстырылып, ұлттық спорт ойындары ұсынылды.
Бұл күні Түркістанда бір мезетте мың оқушы, ал Астанада 3 мың бала асық ойнады. Бұл Наурыз тойы аясындағы бір күндік науқан емес.
Мәдина Сүлейменова, Астана қалалық Білім басқармасының маманы:
Бұл – алғашқы қадам. Өйткені биылғы оқу жылынан бастап дене шынықтыру сабағына асық ойыны енгізілген еді.
Қазір Наурыз бұрынғыдай 22 наурыз күні алаңға тігілген киіз үймен, алтыбақанмен ғана шектелмейді. Мысалы, Ақтөбеде «Ер Едіге» жыр мектебінің өнерпаздары тәулік бойы тоқтаусыз жыр айтып, рекорд жасады. Шараға 36 өнерпаз қатысып, әр 3 сағат сайын алмасып отырды. Жыр үзілмеді. Жыршылардың өнерін Азия мен Африка елдері бойынша GBR рекордтар кітабының бас офицері бақылады.
Еліміздің солтүстік қақпасы Қызылжар да бұл күні нағыз думанның ордасына айналды. Әдетте сабырлы солтүстік ырғағымен өмір сүретін облыс халқы мерекені ерекше атап өтті.
Ал Маңғыстауда наурыз мерекесіне арналған шаралардың негізгісі - Ақтау қаласында өтті. Каспий теңізінің жағалауыны 25 мыңнан астам адам жиналып, ақшаңқан 33 киіз үй орнатылды.Мерекенің басты ерекшеліктерінің бірі – «Digital Nauryz» жобасы аясындағы цифрлық киіз үй болды. Мұнда келушілерге интерактивті технологиялық аймақтар ұсынылды: адам тәрізді «Наурыз» роботы, «Тазы» робот-иті, сондай-ақ шай құятын «Shai-tech» жобасы таныстырылды.
Жалпы, Ұлыстың ұлы күні республика көлемінде кеңінен тойланды. Ұлттық киім де, спорт та, өнер де түрленіп, соңы трендке ұласып жатқаны – 38 жыл бұрын қайта оралған Наурыз мейрамының әсері, дейді әлеуметтанушылар.
Молдияр Ергебеков, Әлеуметтік ғылымдар зерттеушісі:
Қоғам қай жерде бар? Бірлігі болған жерде бар. Ауызбіршілігі болған жерде бар. Бірін-бірі тыңдай алатын жерде бар. Бұл ерекшеліктерді қалыптастыратын да осы салт-дәстүрлер, осы Наурыз сияқты ерекше күндер.
Ал бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында еліміздің барлық өңірінде «Тазару күніне» орай эко-шаралар өтеді.Осыған орай Түркістан облысында «Тазалық эстафетасы» ұйымдастырылып, 15 мың түп көшет егілді. Шараға тұрғындар атсалысты.
Гүлсара Асылханова, Түркістан қаласының тұрғыны:
Біз өз қаламыз таза болу үшін атсалысамыз. Мына кісілердің бәрі біздің қаланың ардагер апалары. Бұл кісілерге де рахмет келгеніне. Санасы бар, патриот кісілер көп қой біздің Қазақстанда.
Ал батыстықтар Орал қаласындағы басты алаңның ажарын келтірді. Көшеттердің айналасын тырмалап, көң-қоқыстан арылтты. Жарық бағандары мен орындықтарды сырлады. Арықтар қардан аршылды. Акцияға еңбек ардагерлері де атсалысып, өзгеге өнеге болды.
Көкшетаулық жастар мен волонтерлер Наурызнама онкүндігін қорытындылап, «Таза ел — біздің қолымызда» атты экологиялық акциясын өткізді. Тазару күніне 200-ге жуық жас қатысты. Олар Наурыз мейрамының негізгі думаны өткен Қопа көлінің жағалауын қоқыстан тазартты. Сөйтіп, жаңару мен тазалық әрбір адамның қарапайым, бірақ маңызды әрекеттерінен басталатынын іс жүзінде көрсетті.
Ақсұңқар Қуат, Ерікті:
Қазіргі күнде волонтерлер болып «Таза Қазақстан» акциясын өзіміз қатты қолдаймыз және ешқандай «Таза Қазақстан» акциясынан қалмауға тырысамыз. Осы бүгінгі күні келіп отырғанымыз да – жалпы қаламыздың экологиясын және тазалығын сақтай отырып, әр адам өзінен бастаса, болашақта да қаламыздың жақсы дамуына, көркеюіне үлесімізді қосамыз деген ниетпен осы акцияға келіп отырмыз.
Ал шымкенттіктер Қошқар ата өзенінің бойын қоқыстан тазартып, аумағын абаттандырды. Экологиялық мәдениетті ту еткен шараға еңбек ардагерлері мен ерікті жастар, белгілі спортшылар мен танымал тұлғалар қатысып, белсенділік танытты. Сондай-ақ 70-тен астам адам Бөржар бұлағының көзін ашып, абаттандыру жұмыстарын атқарды. Бұл нысан өңір тұрғындары үшін аса маңызды, себебі осы жерден шығатын «Алпар» каналы арқылы Абай ауданындағы 1800 гектар егістік алқап суарылады.
Бұхарбай Парманов, қалалық Қоғамдық кеңестің төрағасы:
Әр ағатын суды үнемдеп, дұрыс пайдалануымыз керек. Бұлақтың көзін ашуымыз керек. Арық-атызды тазалап, өңіріміз диқаншылықпен айналысатын халық қой, жаз кезінде суды үнемдеп, игілікке жаратуға осындай үлкен жұмыстар жасалып жатыр.
Алматыда да 10 мың адам 1000 түп көшет отырғызды. Мегаполисті көгалдандыруға келген еріктілер мен қала тұрғындары көктемнің алғашқы күндерін осындай игі іспен бастап, алып шаһардың экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосты.
Астаналықтар да Наурызнаманы түйіндеп, тазалық акциясын ұйымдастырды. Олар күні кеше той-думан өткен алаңдарды қоқыстан тазартты. Осылайша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына үн қосып, мынадай ауқымды туды желбіретті.
Автор
Нұрсұлтан Тілектес
Сондай-ақ оқыңыз
БарлығыҚазақстанда бұлақтарды тазалауға арналған «Мөлдір бұлақ» ауқымды экологиялық акциясы басталды
23.03.2026, 13:47
Наурыз: Ұлттық құндылықтар қалай дәріптеліп жатыр?
22.03.2026, 20:34
Каспий теңізінің тартылуы ел экономикасына қалай әсер етеді?
22.03.2026, 20:10
Таяу Шығыстағы қақтығыс: Сарапшылардың пікірі қандай?
22.03.2026, 20:10
Жаңа Ата заң: Қандай заңдарға өзгеріс енгізіледі?
22.03.2026, 20:05
Президент: Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыруды қолға алған жөн
22.03.2026, 20:04
Наурыз мейрамы: Мемлекет басшысы Түркістанға жұмыс сапарымен барды
22.03.2026, 20:02
Қарағанды облысында Наурыз кең көлемде аталып өтті
22.03.2026, 11:23