Газбен жүретін көліктерге арнайы белгі орнатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Газбен жүретін көліктерге арнайы белгі орнатылады

05.01.2024

Естеріңізде болса 2020 жылдан бастап көпқабатты тұғын үйлердегі жабық тұрақтарға газбен жүретін көліктердің кіруіне тиым салынған. Ал биыл оларға арнайы белгі жапсыру міндеттелді. Мамандар «жаңа белгі газбен жүретін автокөліктерді бейнебақылауға түсіруге және алыстан тануға мүмкіндік береді»,- дейді.

Қазақстанда тіркелген 4.5 млн автокөліктің 400 мыңнан астамы газбен жүреді. Елімізде жыл сайын 2 мыңға жуық машина газ қондырғысын орнатады. Салыстырмалы түрде көп емес. Бірақ, мамандар олардың техникалық қауыпсіздігі сын көтермейтінін айтады. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында бұдан былай жүргізушілер газ жазуы белгіленген, леп белгісі мен қара жиегі бар сары түсті үшбұрыш қағазды көлігінің көрінетін жеріне жапсыруға міндетті. Осы белгі арқылы газ қондырғысы бола тұра жабық тұрақтарға ереже бұзып кіретіндерге тосқауыл қойылмақ.

Бауыржан Қасымов, Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары:

Жалпы жаңағы белгі жабық автотұрақтың иелеріне және де жұмыскерлеріне тікелей құқық береді. Кіргізбеуге немесе одан шығарып жіберуге.
1 қаңтардан бастап күшіне енген өзгеріске байланысты қазір газбен жүретін автокөлік иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Мамандар аталған белгіні тағу газбен жүретін барлық автокөліктерге қатысты екенін айтады. Яғни, шетелдік тіркеудегі машиналар да жапсыруы тиіс. Ендігі мәселе, көлігіне рұқсатсыз газ баллонын орнатып, оны техникалық паспортына жаздырмайтындар жайында. Мұндай заң бұзушылықты болдырмас үшін, алдағы уақытта жауапты органдар газ қондырғысын орнататын орындарды да ретке келтірмек.

Бауыржан Қасымов, Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының орынбасары:

Бұларды орнататын мекемелер солардың құзіреті бойынша, құқықтары бойынша әртүрлі мемлекеттік органдарда талқылау жүріп жатыр. Әлде бұл лицензиялауға жататын жұмыс бола ма? Әлде басқада рұқсаттама қағаздарына жата ма сол жұмыс әлі жүргізіліп жатыр.
Қысқасы, талапты орындамаған көлік жүргізушілеріне 11076 теңге айыппұл салынады. Алғашқылардың бірі болып, Түркістан облысы полиция қызметкерлері рейдтік жұмыстарды бастады. Қазірше, жүргізушілерге тек ескерту ғана беріліп жатыр. Мамандар, «газ орнатылған көліктің бұзылу, өртену ықтималдығы жоғары, соған сай оның техникалық тексерісіне де талап қатаң болу керек еді»,- деп санайды. Бірақ…

Заң бойынша газ баллон орнатылған автомобиль арнайы зертханада техникалық тексерістен өтіп, қауіпсіздігі туралы куәлік алуы қажет. Машина содан кейін ғана жүруге жарамды деп саналады. Бір қызығы елімізде газбен жүретін көлікті тексеретін зертхана жетіспейді. Бар-жоғы жетеу ғана. Салдарынан темір тұлпарының техникалық жағдайы мен қауіпсіздігін көлік иесі өз бақылауына алуға мәжбүр.

Серік Жұмабек

Хабарламаларға жазылу