Басты Жаңалықтар БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыру үшін 14 ЖОО-мен меморандумға қол қойылды – Аида Балаева

БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыру үшін 14 ЖОО-мен меморандумға қол қойылды – Аида Балаева

Журналистер қайта оқытылады. БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыру үшін 14 ЖОО-мен меморандумға қол қойылды. Алматы облысының тұрғындарымен кездескен Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева осылай деді. Жиында отандық кино нарығын реттеу, балалар әдебиетін дамыту және үкіметтік емес ұйымдарға арналған арнайы база құру мәселесі де талқыланды. 

Алтыншаш Жақиянова – ақын әрі жазушы. Осы кезге дейін 20 кітап жазған. Бірақ соның үшеуі ғана мемлекет тарапынан қолдау тауып, баспасына қаржы бөлініпті. Бұған дейін түрлі жанрды қаузап келген қаламгер биыл балалар әдебиетіне бет бұрған. Жуырда жарық көрген туындысының таралымы көңіл көншітпейді екен.

Алтыншаш Жақиянова, ақын, жазушы:

Ақпарат құралдары осындай кітап шықты деп жазып, үгіттеп, насихаттап. Сол кішкене жетпей жатады бізде. Сіздің келгеніңізге қуаныштымын. Сізді күнде көрмейтін болғаннан кейін осындай өтінішімді айтайын деп отырмын.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Ата-аналар балаларына қазақ тіліндегі кітап таппай жатады. Соны біз насихаттасақ, теледидардан көрсетіп, газетте жазсақ ертең іздеп табады ғой. Сондықтан ескертуіңіз өте орынды. Оны мен қабылдаймын.

Жиында отандық киноиндустрия саласын реттеу жағы қаузалды. Халықтың сөзінше, қазір нарықты комедия жанрындағы фильмдер қаптаған. Мұны ескерген министр келер жылы аталған сала мамандары арасында 10 түрлі бағыт бойынша сценарийлер байқауы жарияланатынын айтты. Кездесуде көтерілген тағы бір мәселе ол - үкіметтік емес ұйымдарды біріктіретін облыс деңгейіндегі арнайы база құру.

Құдірет Ғабитов, кәсіпкер:

Әр облыс бойынша бір база болатын болса үкіметтік емес ұйымдарға да, халыққа да ыңғайлы болар еді. Өйткені республикалық база бар облыстық жоқ. Республикалық базада да кейбір ақпараттар ескірген.

Егер облыстық база құрылатын болса түрлі салада қызмет көрсететін үкіметтік емес ұйымдар жұмысы жанданбақ. Өйткені өзіне керек қызметін халық сол базаға кіріп, таңдай алады әрі мемлекет тарапынан жарияланатын тендерлердің ашықтығы қаматамасыз етіледі деді,- министр. Жиыннан соң БАҚ өкілдерін жеке қабылдап, келер жылы журналистердің кәсіби біліктігін арттыруға үлкен көңіл бөлінетіндігін жеткізді.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Журналистердің кәсіби біліктілігін арттыру мәселесі бойынша біз 14 ЖОО-мен меморандумға қол қойып, жұмыс істеп жатырмыз. Жеті сала бойынша: экономика, дін саласы, этника, аграрлық, экология мен медицина бойынша салалық журналистикалық дамыту бағытын әрі қарай жалғастырамыз.

Сондай-ақ облыстық телеарналар мен газеттерде қызмет ететін журналистердің біліктілігін арттыру бойынша арнайы семинарлар жиі ұйымдастырылады. Бұл БАҚ өкілдерінің сапалы ақпарат таратуы үшін қажет деді, министр.


Нұрсұлтан Тілектес

Бөлісу