Алматыдағы апат: Жүргізушіні ұрған жолаушы 8 жылға сотталуы мүмкін
Алматыда автобус жүргізушісін ұрып, жол апатына себепкер болған азамат 8 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Оған қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылды. 3 адамның өмірін қиған ауыр апат жайлы қандай жаңа ақпарат бар? Жарақат алған алғандар мен жүргізушінің жағдайы қалай? Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес анықтады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Апат 22 желтоқсан күні дәл мына аялдамада болған. Жұмыс аптасының соңғы күні әрі кешкілік уақыт болған соң мұнда әдеттегіден көп адам жиналған. Өкінішке қарай, сол күні шаңырағына асыққандардың барлығы бірдей үйіне жете алмады.
Елді есеңгіреткен ауыр апат кешке ел үйіне қайтып бара жатқанда болған. Сергек бейнебақылау камерасына жазылған мына таспада такси тоқтатпақ болып жолға шыққан және автобусын күтіп тұрған бір топ адамды қоғамдық көліктің жоғары жылдамдықпен келіп қаққанын анық байқауға болады. Қайғылы жағдайға жүргізуші мен жолаушының арасында туындаған жанжал себеп болған.
Бақыт Шүкібаев, автобус жүргізушісінің әкесі:
Жолаушы ұрған ғой. Ұрып талдырған. Талдырған күйде бір жолаушы келіп итерген. Жүргізіші есінен танып, машина кете берген өз бетімен.
Куәгерлердің айтуынша, жолаушы жол ақысын төлеуден бас тартқан. Артынша жүргізушіден аялдамаға жетпей көпірде түсіріп кетуін талап еткен. Рөлдегі әйел қауіпсіздік ережесін сақтап, есікті ашпай қойған. Айтқанын орындата алмаған жолаушы жүргізушіге жұдырық ала жүгірген.
Ермек Шүкібаева, автобус жүргізушісі:
Көпірдің үстінде кетіп бара жатқанда есікті ашуымды талап етті. Аялдамасын өткізіп алыпты. Мен келесіде шығасың, деп жүруді жалғастырдым. Екі рет ұрды. Содан есімнен танып қалдым.
Жүргізушіні ұрған жолаушы сол күні-ақ ұсталды. Қазір оның үстінен бірнеше бап бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Салтанат Әзіірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Оған ҚР ҚК 293 және 351-бабтары бойынша қылмыстық іс тіркелді. Осы баб бойынша ол 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ұсталған адам ПД-ның уақытша ұстау изоляторына тоғытылты.
Осы оқиғадан кейін, Көлік министрі жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамсыз ету үшін арнайы шара қабылдайтын болдық,- деп отыр.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
Осы уақытқа дейін жүргізушінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы бір техника қолдану немесе алдын жабу деген мәселені қарастырған емеспіз. Енді кешегі болған қайғылы жағдай оған дейін болған көзқарымызды өзгертуді талап етіп отыр. Сондықтан оны қарайтын боламыз.
Автобус жүргізушісі Алматыдағы жолаушы тасымалдайтын жеке меншік компанияға осыдан бір ай бұрын жұмысқа тұрған. Оған дейін 10 жылдай троллейбус тізгіндепті. Екі баласы бар жалғыз басты ана. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ол басынан қатты соққы алып, жарақаттанған. Қазір нейрохирургия бөлімінде емделіп жатыр. Жағдайы тұрақты.
Апаттан зардап шеккен қалған үш адамның біреуі амбулаториялық ем алуға жіберілсе, екеуі жан сақтау бөлімінен арнайы палаталарға ауыстырылды. Ал, көз жұмған марқұмдардың жақындарына автопарк өтемақы төлей ме жоқ па, сотта белгілі болады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
