Алматы облысы Талғар ауданы Гүлдала ауылдық округында болған газ жарылысынан тағы бір адам қайтыс болды. Оқыс жағдай 17-желтоқсан күні таңғы сағат 4 шамасында болған еді. Тұрғын үйдің газ құбырында жарылыс болып, 4 адам ауруханаға жеткізілген. Әйгерім Ердәулет жалғастырады.
Жұрт қалың ұйқыда жатқанда орын алған апаттан бір үйден екі адам опат болды. 32 жастағы ер азамат пен оның 20-дағы келіншегін қатты күйіп шалып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер, оларды аман алып қалу мүмкіндігі мүлдем боламады деп отыр. Марқұмдар бүгін жерленді.
Әлия Ғалымжанқызы, Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының баспасөз хатшысы:
Ауыр жарақаттардың салдаран кеше таңертең 1991 жылы туған науқас қаза болды, ал 2003 жылы туған әйел түнде есін жинамастан қайтыс болды, денесін 3-4 дәрежелі күйік шалған.
Ал зардап шеккен екінші үйдің тұрғындары сол түнді қорқынышпен еске түсірді.
Жансақтау бөліміне түскен атасы мен немересі қазір палатаға көшіріліпті. Ал 5 күннен бері көршілерінің үйінде жүрген қалған 7 адамға, газға жауапты компания ертеңнен бастап уақытша баспана жалдап бермекші.
Фарида Машрахунова, Алматы облысының тұрғыны:
Тұрамыз деп жатырмыз осы жерде, басқа үй сала ма білмейміз ғой, күтеміз ғой енді. Қайда барамын? Бұл жерде немерелеріміз бар, екі балам бар үйленген, келіндермен тұрамыз. Басқа баратын жеріміз де жоқ.
Жарылыс табиғи газ құбырындағы қысымның жоғарылауынан болуы мүмкін деген болжам бар. Жауапты жеке компания апатқа жарықтың қайта-қайта өшкені себеп болуы ықтимал екенін айтады.
Әсел Тұрғанбаева, «Тәуекел – газ құбыры» ЖШС директорының орынбасары:
Апаттың нақты себебін кесіп айта алмаймыз, әрине. Ауыл тұрғындары жарықтың сол күні қайта-қайта жанып сөнгенін айтып отыр. Пештің барлығы электр қуатымен жұмыс істейді ғой. Газды пайдаланбағандықтан жиналып, оның қысымы қатты көтеріліп кеткен болуы мүмкін.
Руслан Иштиряков, «Жетісуоблгаз» ЖШС бас директоры:
Жарық сөнгенде газ қысымы төмендеп, қайта қосылғанда күрт қысым көтеріп кеткен болуы мүмкін. Қылмыстық іс бойынша қазір сараптама тағайындалды. Сондай-ақ, неліктен газ қысым көтерілгенде тоқтату қақпақшасының бірден іске қосылмағанын анықтап жатырмыз.Талғар ауданында 252 көпқабатты тұрғын үйді қыс басталмай тұрып тексердік, ал жер үйлерді қарауға құзырымыз жоқ.
Тәуекел газға қарайтын құбырдың жарылуы биыл бірінші рет емес. Күзде Алматы облысы Жамбыл ауданында газ қысымы күрт көтеріліп, бір үй жарылып кетіп еді. Ішінде қалған екі адамды қатты күйік шалған. Жауапты компания сол кезде баспананы қалпына келтіру үшін сотқа дейін 28 миллион теңге шығынды төлеген. Ал бұл жолы орын алған апаттың сараптамасын күтетіндіктерін мәлім етті.
Әйгерім Ердәулет