Өзбекстанда жеткіншектердің құқығы қорғалады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда жеткіншектердің құқығы қорғалады

22.12.2023

Өзбекстанда 4 жасар бүлдіршінге зорлық жасау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы балалар омбудсмені әлеуметтік желідегі ресми каналында жариялады. Ташкент облысы Келес қаласының тұрғындардың бірі жекеменшік балабақшадағы әлімжеттік туралы айтып шағымданған еді.

Бас прокуратурамен бірлесіп жүргізілген тексерулерден соң Өзбекстан Республикасы қылмыстық кодексінің 129 бабы, яғни кәмелеттік жасқа толмағандарға зорлық-зомбылық көрсету бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала тергеу шаралары басталды.

Балалар омбудсмені сондай ақ кәмелетке толмаған қыз баланы тұрмысқа беруді тоқтату мәселесі айрықша назарда болатынын мәлімдеді. Бірер күн бұрын 7-ші сынып оқушысының атастырылу рәсімі өтіп жатқаны туралы видео тараған. Жиналғандар жас қызды құттықтап, мойнына алтын алқа тағуда. Видео авторы «жеткіншекті атастырып жатыр» деген болжамын жазған. Желі қолданушылары мұндай сорақылыққа жол бермеу керектігін айтса, қыздың ата- анасы «бұл туған күн рәсімі» деп ақталды. Оқиғаның мән жайы жан- жақты тексеріліп жатыр.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу