Ұлыбританияда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде отыруға тыйым салынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлыбританияда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде отыруға тыйым салынуы мүмкін

21.12.2023

Ұлыбритания үкіметі 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерде отыруға тыйым салуы мүмкін. Биліктегілер жас жеткіншектерді ғаламтордағы зиянды контенттен қорғағысы келеді. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова сабақтайды.

Марина Бекенова, тілші:

Үкімет бұған дейін Интернеттегі қауіпсіздік туралы заң қабылдап, оны бұзған компанияларға ірі көлемде айыппұл салуды ұйғарды. Балаларға зиянды контент көрсеткені үшін платформалар жаһандық кірісінің 10 пайызын төлеуге міндеттеледі. Бірақ бұл аздық етеді деп шешкен биліктегілер енді 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға шектеу қоймақ.
Эндрю Гриффит, Ұлыбританияның ғылым министрі:

Қазір осы мәселе бойынша ақылдасып жатырмыз. Болашақта балалар әлеуметтік желілерді пайдаланбас бұрын ата-анасының рұқсаты сұралатын болады.
Инстаграм мен Пинтерест желілерінен зиянды контент көріп, өз-өзіне қол салған 14 жасар Молли Расселдің отбасы қайырымдылық қорын ашқан болатын. Қор қызметкерлерінің пікірінше, теле-радио эфирі мен интернеттегі ақпаратты қадағалаумен айналысатын Офком агенттігіне қосымша өкілеттіктер беру керек.

Бибон Кидрон, қоғам белсендісі:

Әлеуметтік желілер тәуелділік туғызып, шындыққа жанаспайтын әлемге жетелейді. Ол жасөспірімдерге арналған орын емес. Сондықтан реттеуші органның қызметін күшейту керек.
Қайырымдылық ұйымдары мен белсенділер 2017 жылдан бері ғаламтордағы қауіпті контентпен қатаң күрес жүргізуге шақырып келеді. Арнайы заң күзде қабылданбас бұрын өте ұзақ тексеруден өткен болатын. Балаларды қорғауға арналған қайырымдылық ұйымының пікірінше, соңғы алты жыл ішінде ғаламторда балалар өміріне қауіп төндірген 35 мыңға жуық қылмыс тіркелген. 

Марина Бекенова

Хабарламаларға жазылу