Елордалықтар жаңа жылға дайындықты бастап кетті. Бас қаладағы бас шыршаның биіктігі – 25 метр. Күні кеше ЭКСПО қалашығында бой көтерген шыршаның шамдары жағылып, 5 мыңға жуық тұрғынға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Шырша – ұзындығы 2 мың метр болатын «Твинк лайт» жарық шамдарымен және ірілі-ұсақты қар тәріздес ойыншықтармен безендірілген. 900 шар ойыншық қолданылды. Етегінің диаметрі 10 метрге жуықтайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қалалық бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында былтырғы материалдар қолданылыпты.
Есет Бәйкен, Астана қаласы әкімінің орынбасары:
Биыл біздің елордамыздың 25 жылдығына орайластырып осындай биіктікте мына шыршаны безендірдік. Қазіргі кезде өздеріңіз көріп отырсыздар алаңға 5000 жуық елорда тұрғыны мен қонақтары қатысып отыр. 5 ауданда осындай шаралар ұйымдастырылып жатыр. Қыс бойы жұмыс істейтін болады.
Салтанатты рәсімге жылдағы дәстүрге сай, бірнеше мың бүлдіршін қатысты. Шыршаны жағу сәтінен кейін елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған концерттік бағдарлама көрсетілді.
Жалпы күні бүгінге дейін елорданың 5 ауданында 30-ға жуық мерекелік шырша жағылды. Әкімдік жаяу жүргіншілерге арналған көшелерді, «Абай» және «Астана» алаңдарын, «Тұңғыш Президент» саябағын, «Жастар» театры, «Алматы Арена», сондай-ақ әр аудандағы көрікті жерлерді безендіріп жатыр. Сонымен қатар, түрлі ойын-сауық бағдарламалары бар 22 мұз айдынын ашу жоспарланған.
Аида Ахметбек