Ұлыбритания халқын қымбатшылық тағы қысты. Ел экономикасы қазан айында қайта қысқарды. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова ақпаратты тікелей қосымылда тарқатуға әзір.
Марина Бекенова, тілші:
Ұлыбританияның жалпы ішкі өнім көрсеткіші қыркүйекпен салыстырғанда 0,3 пайызға төмендеді. Ұлттық статистика басқармасының мәліметтеріне сәйкес, бұған ылғалды ауа райы әсер етсе керек. Нәтижесінде құрылыс тұралап, бөлшек сауда, қызмет көрсету және туризм салаларында іркіліс болған. Бұл жағдай рецессия қаупін арттырады және Англия банкінің пайыздық мөлшерлемені 15 жылдан бері болмаған жоғары деңгейде ұстап тұруға мәжбүрлейді, - дейді мамандар. Экономиканың қысқарғаны белгілі болғаннан кейін стерлинг фунты әлсіреп қалды.
Джереми Хант, Ұлыбритания қаржы министрі:
Өз-өзімізге деген сенімділігімізді жоғалтпауымыз керек. Біз Брекситті бастан кешірдік. Британ халқы Еуроодақтан шығамыз деп дауыс беріп, парламент Еуропалық одақ елдерімен ортақ мәмілеге келе алмай абдырап қалды. Одан кейін пандемия басталды.
Қылышын сүйретіп қыс келгенде жарық пен жылудың бағасы өскелі тұр. Энергетикаға жауапты мекеменің есептеуінше, жаңа жылдан бастап әрбір отбасының 1 жылдық орташа шығыны 5 пайызға артады. Қымбатшылық Англия, Уэльс және Шотландиядағы 29 миллион отбасына әсер етеді. Баға тек Солтүстік Ирландияда өзгермейді. Өткен жылы дәл осындай жағдай орын алып, үкімет халыққа қаржылай қолдау білдірсе, биыл ондай көмек көрсетілмейін деп тұр. Тәуелсіз Бюджеттік жауапкершілік басқармасының есептеуінше, инфляцияны тежеу үшін кемінде 3-4 жыл керек.
Марина Бекенова