Басты Жаңалықтар АҚШ-та күзетшілерді робот алмастыра бастады

АҚШ-та күзетшілерді робот алмастыра бастады

Тұрғын үйіңізді адам емес, робот күзетсе қалай қарайсыз? АҚШ-тың Атланта қаласындағы бірнеше кешенді төрт аяқты темір техникалар бақылап жатыр. Жоба басшыларының мәліметінше, аумақта ұрлық айтарлықтай азайған. Күзетші-роботтар жайлы бейнематериалдан көріңіз.

445 Cleveland тұрғын үй кешені. Атланта. Аумақтағы тәртіп сақшылары — төрт аяқты роботтар. Олар 200-ге жуық пәтердің тыныштығы мен қауіпсіздігіне жауапты.

Карлос Кабейо, тұрғын үй қауымдастығының менеджері:

Түнгі уақытта және демалыс күндері бұл жерді екі-үш адам күзететін. Алайда олардың орнына роботтар келді. Күзетшілер өзіміз сияқты адам болғандықтан, кейде тұрақта жиналған бір топ адамның жанына баруға қорқатын.

Әр роботты оператор басқарады. Ол жасанды интеллектпен жабдықталған камераларды бақылап, күдік тудырған жағдай байқалса, роботты сол жерге жібереді. Осылайша, машина арқылы адамдармен тікелей сөйлесе алады.

Моррис Эллисон, 445 cleveland тұрғыны:

Әуелі видеоойындағыдай, таңсық көрінді. Кейіннен үйреніп кеттім. Өзімді қауіпсіз сезіне аламын. Ол мейірімді, айналАның бәрін көріп тұрады.

Брайан Диннер, Undaunted компаниясының бас директоры:

Бұл кешенде қылмыс деңгейі жоғары болған еді. Роботтар келгелі пәтердегі ұрлық деңгейі 100 пайызға, көлік ұрлығы 75, ал автомобильді бұзу жағдайлары 65 пайызға азайған.

Мұндай күзет тәсіліне сұраныс артып жатқан көрінеді. Стартап мәліметінше, кейінгі төрт айда жоба көлемі үш есе өскен. 120 робот сатылған. Компания мұндай жүйе дәстүрлі күзет қызметінен шамамен екі есе арзан екенін айтады.


Бөлісу