Ақтөбе облысының тұрғындары сапалы ауыз су мәселесінде ешқандай қиындық көрмейді. Бұл туралы аймақ басшысы Асхат Шахаров мәлімдеді. Қазірдің өзінде 27 шалғай ауылға су жеткізіліп, жалпы көрсеткіш 100 пайызға жуықтаған. Енді қалған, 5 мыңнан аса тұрғыны бар, 11 елді мекенге келесі жылы тіршілік нәрі барады. Осылайша мәселе толығымен шешіледі. Алайда, облыс әкімі аяқталмай жатқан тұрғын үйлерге қатысты компания басшыларын сынға алды.
Бүгінде Ақтөбе облысында 11 құрылыс нысаны басшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Оның ішінде, 6 тұрғын үй бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қалған 5 іс сотқа жолданған. Облыс әкімі қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетіліп жатыр, - деді. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасылар үшін 360 дайын пәтер сатып алынған.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
Құрылыс кооперативтерінің проблемалық мәселелерін шешу жөніндегі Жол картасы» бекітіліп, тиісті шаралар қолға алынды. Сонымен бірге, Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, Ақтөбе қаласы әкімдігі жанынан «Ақтөбе құрылыс компаниясы» атты уәкілетті ұйым ашу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Ақтөбе облысында 109 байланыс орталығы жұмыс істейді. Жыл басынан бері 55 мыңнан астам өтініш түскен. Аймақ басшысы арыз-талап негізінде шаһарда қордаланған мәселе әлі де көп екенін айтып, негізгі 5 сын-қатерге тоқталды. Олар автожол, әлеуметтік сала, инфрақұрылым және интернет.
Экология мәселесі сын көрмейді
Өндірісі дамыған аймақта қазір негізгі мәселе экология болып отыр. Еліміздегі ауасы нашар өңірдің төрттігіне кіретін Ақтөбе облысындағы біраз зауыт жаңартуды қажет етеді. Оған 40 жыл бұрын салынған тазарту станциясын қосыңыз. Облыс әкімі осының бәрін жаңартуға 53,5 млрд теңге жұмсалатынын атап өтті.