Елімізде волонтердің өмірі сақтандырылмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде волонтердің өмірі сақтандырылмаған

10.12.2023

Осы аптаның сейсенбісінде волонтерлер күні аталып өтті. Халықаралық мейрамға Қазақстанда мән беріле бастағанына аса көп уақыт болмады. Ал волонтерлер қызметінің тарихы 1993 жылдан бастау алады. Ол кезде жұмыс бейресми жүрген. 30 жылда бұл бағытта әжептеуір прогресс байқалады. Қазір Қазақстан - БҰҰ волонтерлер қозғалысына мүше 17 мемлекеттің бірі. 2020 жыл Қазақстанда волонтерлар жылы деп жарияланған еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзгеге қол ұшын беретін жандардың әрдайым құрметке бөленетінін әрі олар мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, тілектестік пен жауапкершіліктің озық үлгісі, шынайы отаншылдықтың айқын көрінісі екенін айтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстанда 2020 жыл еріктілер жылы болды, біраз шаруа атқарылды. Қазір еліміздегі волонтерлік ұйымдар саны 3 есе өсті, яғни 680 ұйым бар. Еріктілердің саны 200 мыңға жетті. Барлық аймақта фронт-офистер ашылды. Онда мыңдаған волонтер дайындықтан өтті. Qazvolunteer.kz платформасы жасалды. Яғни, бүгінгі таңда Қазақстанда кез келген адам еріктілер тобына мүше болып, пайдалы іске өз үлесін қоса алады. Шын мәнінде, бұл – зор мүмкіндік. Сондай-ақ біздің волонтерлер Иордания, Кения, Таиланд және Түркия елдеріне арнайы барып, тәжірибе жинақтады. Осы тұста мен Қазақстан еріктілеріне қолдау көрсетіп жүрген Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілдеріне алғыс айтамын.

БҰҰ ресми сайтында «Волонтерлық - бүкіл әлем бойынша әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәселелерді шешуге арналған үлкен, жаңартылатын ресурс. Әлем түрлі қиындықтарға кезіккенде, еріктілер көмекке бірінші болып келеді. Олар дағдарыс және төтенше жағдайлармен күресудің алдыңғы қатарында, көбінесе өте күрделі және қиын кезеңде бірінші үлес қосады»,- деп жазылған.

Волонтер термині әлемде 1600 жылдан бастап қолданылып келеді деген дерек бар. Бастапқыда бұл сөз соғысқа өзі сұранып барғандарға қатысты қолданылса, уақыт өте келе, ешкімнен қайтарым күтпей жұмыс істейтін адамдарды да осылай атау дәстүрі қалыптасқан. Ал5-желтоқсан волонтерлердің халықаралық мерекесі ретінде 1985 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының 40-шы сессиясында бекітілген. Осы мейрам қазақстандық волонтерлердің бүгінгі портретін ашуға, олардың проблемаларын көтеруге түрткі болды.

Қазақстанда «Еріктілер қызметі туралы» заң 2016 жылы қабылданған. Бірақ осы құжатты қайта қарау керек деп бастама көтеріп жүргендер бар. Заңға не өзгеріскерек? Серік Жұмабектің материалында.

Елдегі түрлі төтенше жағдай кезінде құзырлы органдармен бірлесе жұмыс істеген волонтерлардың еңбегі әлі де ел есінде. Олар қашанда қол ұшын созуға дайын.

Волонтер, ерікті ұғымдарына қатысты қалыптасқан ортақ түсінік осы. Заңдағы анықтамасы да халықтық сипаттамаға сәйкес келеді. Бейресми мәліметтерге сенсек, әлем бойынша 1 млрд-қа жуық волонтер бар. 

Гүлбара Сұлтанова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары:

Қазір Қазақстанда 680 волонтерлік ұйым бар. 240 мыңнан астам белсенді волонтер бар. Ал ТЖ немес басқада жағдайлар болған кезде 1 млн-ға жуық адам жиналады.

Қазір респубика бойынша 20 өңірлік фронт-офис жұмыс істейді. Астанадағы халықаралық волонтерлік орталық соның бірі. Онда Орта Азия мемлекеттерінің еріктілері еркін пікір алмасып, игі істерді бірлесе атқарады.

Айзат Әли, Еріктілер қызметін дамыту бөлімінің маманы:

Астана қаласында қазіргі таңда 50- ге жуық волонтерлік ұйым бар. Оның ішінде 50 мыңнан астам волонтер жұмыс істейді. Оның 20 мыңға жуығы тұрақты түрде жұмыс істесе, 30 мыңы бір реттік акцияларға қатысатын адамдар.

86 жастағы қала тұрғыны, зейнеткер Людмила Ивановна үнемі еріктілердің көмегіне жүгінеді. Жалғыз басты қарияға жәрдемдесетіндердің дені жастар.

Людмила Ивановна, қала тұрғыны:

Волонтерларға көп рахмет! Маған жылдар бойы көмектесіп, қамқорлық көрсетіп келеді. Сондықтан олар өз немеремдей болып кетті. Балалар маған қыста ауладағы қарды тазартып, үй шаруасына қолғабыс етеді. Шаң сүртеді, көмір тасып береді, өсімдіктеріме күтім жасайды, еденді де сыпырады. Балаларын осылай жақсы адам етіп тәбиелеген ата-аналары да жақсы адамдар. Сондықтан оларға үлкен алғыс айтқым келеді.

Рауан Кодаров, «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының волонтері:

Көмек берген адамнан жәй рақмет деген сөзді есту, ол өте көп ләззат сыйлайды.

Сұлтан Аллабергенов, «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыру және аумақтық жұмыс басқармасының басшысы:

Бүгінгі таңда волонтер болу ол тренд. Мен өзім волонтер болғаныма мақтанамын. 10 жыл бойы түрлі шараларды ұйымдастырып, қатысып жүрмін. Сондықтанда барлықтарыңызды жақсы істерді бірге жасауға шақырамын.

Волонтерлік жұмыс медицина, экология, әлеуметтік- мәдени, медиа, ақпараттық, жануарларға көмек, төтенше жағдай, донорлық, спорттық, корпоративтік, этно-волонтерлік сынды түрлі бағыттарға бөлінеді. Мамандар, «егер қай бағытта волонтерлік жұмыстар ауқымды жүзеге асса, сол салада олқылық бар екенін аңғаруға болады»- дейді.

ТЖМ Қазақстан бойынша 136 волонтерлық ұйыммен бірлесе жұмыс істейді. Онда 47 мыңнан астам ерікті бар. Бірақ, шешімін таппаған маңызды мәселе бар.

Дидар Қажкенов, ҚР ТЖМ Төтенше жағдайларды жою департаментінің бас маманы:

Волонтерлік қызмет саласындағы заңнамада ТЖ салдарын жоюға тартылатын волонтерларды мемлекеттік сақтандыру көзделмеген. Волонтерлік қызмет туралы заңға сәйкес, волонтерлер ТЖ салдарын жоюға қатысады. Бірақ ескеретін бір жағдай бар. Аса қауыпті аймаққа волонтерлер жіберілмейді.

ҚР конституциясында «Мемлекеттің ең қымбат қазынасы- адам және адамның өмірі»,- деп жазылғанын ескерсек, әрбір волонтердің өмірі маңызды екенін даусыз. Деседе, 2016 жылы қабылданған «Еріктілер қызметі туралы» заңға бұл мәселе неге енбей қалғаны түсініксіз.

Гүлбара Сұлтанова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары:

Біз былтыр заңға өзгеріс енгізгенбіз. Сол жерде ол қарастырылған болатын. Бірақ ол өзгеріс енген жоқ. Не үшін, себебі, страхования Қазақстанда әлі проблема екен. Бізге нақты волонтерлердің саны керек болып отыр. Сол проблема болып тұр.

Александра Крашинина, Ұлттық волонтерлік желісінің сарапшысы және жаттықтырушысы:

Волонтерлік қызметті еңбек стажы ретінде есептеу деген секілді сұрақтарда көтеріліп жатыр, өмірді сақтандыру. Яғни, волонтерлердің алып жатқан рөлінің маңызы артып жатыр және заң соған сәйкес өзгеріп отырады.

Мәжілісмен Елнұр Бейсенбаев та еріктілердің өмірін сақтандыру қажет деп санайды. Бірақ қазіргі заңның құзіреті жетпей қала ма деп қауіптенеді.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Волонтерлік қызмет үшін сақтандыруды енгізу мүмкін емес. Ол үшін арнайы ұйым болу керек. Оған волонтерлік қызметі үшін деген арнайы құжат беру керек болады. Біз олай жасайтын болсақ, онда дайын қайырымдылық үлкен дағдыны қалыптастыратын игі істі қайтадан бір бюрократиялық жұмыстың жағдайына алып келеміз. Сол себепті мен ондай дүниелерге қарсымын.

Біздің елде волонтердің өмірі сақтандырылмағанымен, оған көрсетілетін қолдау түрлері жеткілікті. Мұндай қамқорлық еріктілерді ынталандыруқажеттілігін де қамтамасыз етіп отыр.

Гүлбара Сұлтанова, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары:

Мемлекет тарапынан волонтерлерге қолдау көрсету заңда қарастырылған. Волонтерлар мемлекеттік қызметке немесе азаматтық қызметке жұмысқа кірген бетте оның волонтерлік стажы қарастырылады. Екіншіден мемлекеттік наградалар бергенде сосын жоғары оқуға түскенде және волонтерлік ұйымдарға мемлекеттік мүлікті жеңілдікті шартпен беру мүмкіндігі бар.

Волонтерлық тәжірибесін растаған азаматқа мұндай басымдық пен мүмкіндік беру құптарлық шешім. Бірақ жасы, жынысы, білімі мен қаржылық жағдайына қарамастан ортақ мүдде үшін жұмыс істеген еріктінің еңбегі, қажет кезінде қаншалықты ескеріліп жатыр деген сұрақ туады.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Волонтер болсаңыз, ЖОО мысалы кейбір кредиттеріңізді жауып беруге, болмаса ЖОО-нан білгіленген мүмкіндіктерді алуға немесе оқуға түсетін уақытта бұл сізге арнайы қолдау, көмек ретінде пайдаланатын болса ол құба-құп. Ол заңда қарастырылды бірақ әлі толық іске асқан жоқ. Өйткені бізде әлі нормативтік актілер қабылданған жоқ. Бұл министрлікке тікелей волонтерлар атынан айтыллған наз деп айтуға болады. Жұмыс жасалмай жатыр.

Қысқасы,волонтер мәртебесі мен оның өмірін сақтандыру мәселесіқазірше қарапайым ұсыныс пен екіжақты келісім негізінде жүзеге аса бермек.

Александра Крашинина, Ұлттық волонтерлік желісінің сарапшысы және жаттықтырушысы:

Волонтерлік қызмет көрсету туралы шарт жасасуға да болады. Көп ұйымдарға сол шартты жасауға кеңес беремін. Яғни, екі жақтан да жауаптылық бекітіледі.

Соңғы 4 жылда елдегі волонтерлар ұйымы 4 есе көбейген. Министрлік алдағы 3 жылда ынталы жастарды салалық волонтерлық бағытта оқытуды жоспарлап отыр. Белсенді еріктілердің билік тармақтарында жұмыс істеуіне де шектеу жоқ.

Серік Жұмабек


Хабарламаларға жазылу