Ұлы тұлғалар комикс жанрында: Оқушы Қазақстан тарихын насихаттауға үлес қосып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлы тұлғалар комикс жанрында: Оқушы Қазақстан тарихын насихаттауға үлес қосып жүр

04.12.2023

Он төрт жастағы өскемендік – Асыл Сұңғатқызы Қазақстан тарихын комикс жанры арқылы танытып жүр. Тоғызыншы сынып оқушысы бастапқыда ертегі кейіпкерлерін салса, енді Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейхан сияқты ірі тұлғаларды бейнеленген альбом мен жапсырмалар шығарды. Ол өнердің осы түрі ұлттық болмысымыз бен төл тарихымызды насихаттаудың заманауи әрі ең тиімді жолы деп біледі.

Ұтымдылығы сол – ұлт көсемдерін жапсырмалар арқылы да ұлықтап жүр. Алаш қайраткерлері айтқан асыл сөздер мен олардың портретін басып шығарып, оқушыларға таратады. Асылдың алғашқы альбомы «Алаш көсемі» деген атаумен комикс жанрында шықты. Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдық мерейтойына арналған шығармада ұлт көсемінің тұлғалық қырын сурет арқылы ашуға тырысқан. Ал «Ер Төстік» ертегісі былтыр шықса, биыл Мағжан Жұмабайдың бейнесі мен «Батыр Баян» поэмасын комиксте сөйлетті.

Асыл Сұңғатқызы, оқушы:

Кейіпкерлердің мінездемесін байқаймыз ғой. Сол кейіпкерлерді елестету аса қатты қиындық тудырмайды. Шамалап саламын эскиз. Осы «Батыр Баян» поэмасымен былтыр 8-сыныпта танысқан болатынмын, өте ауқымды поэма. Оны түсініп, меңгеріп, ұйғарып алу өте қиын. Сол себепті сурет арқылы оқыған тиімдірек сияқты. Тез оқылады. Тез есте қалады.

Тез есте қалдыру үшін ұлы тұлғаларды жапсырмаларға да бейнелейді. Ұлағатты сөздердің қысқа нұсқасын ұсынады. 

Асыл сурет өнеріне кішкентай кезінен әуес. Бұл қабілетін ерте аңғарған ата-анасы да, оны үнемі қолдап келеді.

Лаура Әнуарбекқызы, қала тұрғыны:

Асыл суретті түнгі уақытта салады. Шабыты сондайда келе ме деп ойлаймын. Кейде суреті бірден шығады. Кейде бірден шықпай,  бір-екі рет салатыны болады. Енді ондайда шаршайды, демалдырамыз.

Комикстің келешегі зор. Кез-келген кейіпкерді осы жанр арқылы балалардың санасына сіңіруге болады.

Гүлбаршын Абылғазинова, кітапханашы:

Бұл енді Әлихан Бөкейхановты алсақ та, «Батыр Баянды» алсақ та, жалпы комикс жанрына келмейтін шығармалар, туындылар. Бұл қалайша комикс жанрына айналып кетті дейтін керағар пікірлер болып жатыр. Дегенмен кітаптарды ашып көрген оқырмандар өзінің ойын қате екенін түсінеді.

Асыл Сұңғатқызы өнердің бұл түрін енді басқа балаларға да үйретіп жүр. Ал жас суретшілер үшін облыстық кітапханда арнайы үйірме ашылды.


Олжас Керейхан

Хабарламаларға жазылу