Қазақстанда қызылшаға қатысты жағдай әлі де тұрақсыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда қызылшаға қатысты жағдай әлі де тұрақсыз

03.12.2023

Қазақстанда қызылшаға қатысты жағдай әлі де тұрақсыз. Соңғы тәулікте республика бойынша 230 баладан инфекция анықталған. Бүгінге дейін республика бойынша 19 мыңға жуық жағдай тіркелген. Оның 82 пайызы – 14 жасқа толмағандар.

Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты. Оның сөзінше, вирус қазір еліміздің 4 өңірінде өршіп тұр. Олар екі мегаполис – Шымкент пен Алматы. Жамбыл және Алматы облыстары. Бас дәрігер вирустан құтылудың жалғыз жолы - екпе алу дейді.

Алматы хостеліндегі қайғылы оқиға қазақ үшін басты мәселеге айналып кеткен баспана тақырыбын қайта көтерді. Мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың желіде былай деп жазады:

«Біздің Үкіметтегі біреу баспана сатып алу оңай деген еді. Тек ниеттеніп, 30 жыл ақша жинау керек. Бірақ азаматтардың 60 пайыздан астамының жалақысы 150 мың теңгеден төмен. Олардың жинайтын түгі де жоқ. Міне, соның сұмдық нәтижесі»,- деп жазды Ирина Смирнова.

Смирнованың «біреу» деп көрсеткені Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев болса керек. Дәлірек айтқанда, министрдің мәлімдемесі. Өткен аптадағы мәжіліс отырысында депутат Дәулет Мұқаев Шарлапаевқа жастарға арналған жаңа ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынған. Себебі, сатып алу құқығынсыз жалдамалы пәтер беру бағдарламасының шарттары ескіргенін де ескерткен. Ал министрдің жауабы мынадай болды.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Егер сіз деніңіз сау болса және жұмыс істей алсаңыз, онда сіз өз пәтеріңізге ақша жинауыңыз керек. Әркімнің жағдайы әр түрлі екенін түсінемін, бірақ мемлекет тұрғысынан біз мүгедектігі бар балаларға, жетімдерге, халықтың осал топтарына басымдық береміз.Сіз жастарға жеке ипотекалық бағдарлама құруды ұсынасыз, бірақ бағдарламалар жеткілікті! Жалғыз жауап-қаржылық сауатты болу, ақша жинау және қазір бар бағдарламалар арқылы ипотека алуға тырысу.

Тұрақсыз эпид ахуал әсіресе, Алматыда байқалады. Қазір ауруханада 110 ересек адам мен 220 бала жатыр. Барлығының жағдайы орташа дейді, дәрігелер. Инфекция жұқтырғандардың 95 пайызы әдеттегідей екпе алмағандар. Осы айда 5 мың балаға вакцина салынса, оның 3 мыңнан аса дозасы 6 айлық сәбилерге егілген.

Жасұлан Алпысбаев, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:

Мысалы, жоспарлы түрде бір жастан алынатын болса енді, бір жасқа дейінгі балалар да ауырып жатыр ғой сол үшін балалар ауырмауы үшін жаңа туған нәрсетелерді 6 айдан бастап егіп жатырмыз. Қызылшаға қарсы вакцина алған кезде жүріп-тұруы немесе мүмкіндігі шектеулі балалар немесе аутизммен ауыратын балалар деп бөлмейміз.

Шымкент қаласындағы 49 мектеп пен 79 балабақша қызылша ауруының ошағы саналып отыр. Мамандар бұл мекемелерде сырқаттың жылдам таралуын анықтаған. Мұнан бөлек 20 студент жұқпалы дертке шылдыққан. Осыған байланысты тұрғындар арасында профилактикалық, түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Соның нәтижесінде ауруға қарсы вакцина алуы тиіс болған 118 мың адамның бүгінгі таңға 21 пайызына екпе салынды. Ал одан бас тартқандармен дәрігерлерден бөлек дін қызметкерлері де кездесіп, иммундаудың пайдасын ұғындыруда. Соңғы дерек бойынша, шаһарда 3 мыңнан аса адамнан ауру белгілері анықталған.

Сәуле Дүйсенбаева, Қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Вакцинация басталғалы одан бас тартқандармен жұмыс істеп жатырмыз. Олардың саны 3366 Жұмыс нәтижесінде бас тартқандардың 34 пайызы бүгінгі күнде егілді.

Ал Жамбыл облысында жұқпалы аурулар ауруханасы 77%-ға толған. Алда қызылша жұқтырғандар саны күрт көбейіп кетуі мүмкін дейді мамандар. Жағдайы орташа ауыр екі бала жансақтау бөліміне жатыр. Өңірде қызылша жұқтырған 2400-ге жуық адам тіркелген. Олардың 82%-ы 14 жасқа дейінгі балалар. Сан эпид мамандардың айтуынша, ауырғандардың 86%-ы екпе алмағандар.

Ерік Мұсабаев, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Республикалық бюджеттен қосымша Жамбыл облысына 95850 вакцина беріліп жатыр. Екпені салдырып шықсақ, осы аурушаңдық басылады және осы ұжымдық иммунитет қалыптасады.

Республика бойынша қызылшаға қарсы екпе салу қарашада басталып, қаңтар айына дейін жалғасады. Әсіресе, балаларға вакцина салу аса маңызды дейді Денсаулық сақтау министрі. Өйткені бұл аурудың белгілі емі жоқ.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Бүгінгі таңда елімізде қызылша жұқпалы ауруына байланысты эпидемиологиялық жағдай тұрақсыз болып тұр. Барлық өңірлерде қазір профилактикалық жұмыс яғни, осы қызылша ауруына қарсы егілмеген яғни, иммунитеті жоқ балаларды, соның ішінде медициналық қызметкерлерді, кейбір ересек адамдарды, өзінің статусын білмейтін, немесе иммунитетім жоқ дейтін ересек адамдарға да қосымша иммундау күндері жүріп жатыр. 

Министрдің сөзінше, қазір республика бойынша жұқпалы аурулар ауруханасының 50%-ы науқасқа толған. Қосымша 3 мың төсек-орын дайындалған. Бас дәрігер әсіресе, балалар арасында ауруды қоздырмау үшін –вакцина салу қажет дейді. Себебі, жыл басынан бері 18 мың бала қызылшамен ауырған. 20 мың балаға екпе егілген. Ал, вакцинаның еш зиян жоқ. Жасы 18-ге толған азаматтар да, емханадан қызылшаға қарсы екпе салдыра алады.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

Үнді елінде жасалған дәрі. Ол дәріні елімізде 10 жылдан бері пайдаланып келеміз. Осы вакцинамен балаларымызды 10 жыл бойы егіп келе жатырмыз. Осы 10 жылдың ішінде осы екпеден асқынулар тіркелмеген. Сондықтан бұл вакцинаның қауіпсіз, тиімді екенін айта аламын.

Мамандар қызылшаның алғашқы белгісі дене қызуының көтерілуі екенін айтып жүр. Бірақ ата-ананың көбі мұны суық тиюмен шатастырып жатады дейді. Өйткені бұл инфекция алдымен 4 күн дене қызуы көтеріліп, содан кейін бөртпе түрінде шығады. Сондықтан, ыстығы көтерілген баланы бала-бақша мен мектепке жібермей, бірден жедел-жәрдем шақыртуға кеңес береді. Қызылша ауруы асқынса, баланың өкпесі зақымданып, есту қабілеті нашарлайды. Тіпті, менингитке ұласып, науқастың көзі көрмей қалуы мүмкін. Дәрігерлер алғашқы белгілері 10 күннен кейін бір-ақ білінетін қызылша дертін асқындырып алмауға шақырады.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу