«Қазақстан» телерадиокорпорациясының Көркемдік кеңесі бүгін «Balapan» телеарнасынан 2024 жылы шығатын анимациялық жобалардың ашық талқылауын өткізді. Питчингке отандық 22 компания қатысты. Телеарнаның алдын-ала ұсынған тақырыптық бағыттары бойынша 32 жобаның таныстырылымын жасады.
Ашық талқылауда «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Көркемдік кеңесі ұсынылатын жобалардағы кейіпкерлердің тіл тазалығына, туындылардың ұлттық мазмұнда болуына мән берді. Питчинг қорытындысы бойынша «Balapan» көрермендерінің сұранысына ие болған, интернет платформаларда танымал «Тоқты мен Серке» жобасының бесінші маусымын, «Вундеркинд бала» жобасының екінші маусымын түсіру бойынша шешім қабылданды. Сонымен бірге түркі мифологиясы кейіпкерлерін заманауи интерпретациялайтын фэнтези жанрындағы «Ақжелкен» жобасы мен «Желаяқ», «Тұлым» анимациялық сериалдары жалғасын табады.
Индира Тұрсынбай, «Balapan» телеарнасының директоры:
Балалардың спорттық кейіпкерлерге, спорт тақырыбына қатты қызығатынын анықтадық. Сол себепті хабарландыруда осы тақырыптарға басымдық береміз деп жарияладық. Мысалы, қазіргі таңда батыстық психология, тәрбие трендке айналды. Бірақ біздің дәстүрлі, ұлттық тәрбиеміз де қалыс қалмауы керек. Сол екеуін тең ұстап отыруымыз керек.