Келесі жылдан бастап біріңғай жиынтық төлем тоқтатылады. Енді өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар МӘМС, әлеуметтік сақтандыру және зейнетақы қорына қалай төлемді бөлек аударады? Шағын кәсібін дөңгелетіп отырғандар салықты қалай төлейді? Мамандармен тілдескен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.
Бірыңғай әлеуметтік төлемді осыған дейін тапсырыспен тігін тігетінтер, өз пәтерін жалға беретіндер, көкөністер мен жемістерді өсіріп сататындар, үйде кондитерлік өнімді пісіріп, дүкен сөрелеріне ұсынатындар, тіпті омарта ұстайтындар мен ет және сүт өнімдерін сататындар төлеп келген еді. Төлемнің бұл түрі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар үшін – жеке табыс салығын, зейнетақы қорына, әлеуметтік сақтандыру және медициналық сақтандыру қорына аударылатын жарналарды біріктіретін.
Айжан Бекеева, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:
Енді жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі керек. Жұмыскер ретінде енгізілуі керек. Енді көп қолданысқа енгізіліп жатқан режим бұл – патент. Яғни, жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, табысының 1 пайызын төлеп отырады. Соған қарамастан тағы бір салық режимі бар. Бұл мобильді қосымша Esalyqbusiness арқылы тіркелуге болады. Ол жерде салық есептілігі көрсетілмейді. Бірақ кәсіпкердің табысы 3 528 АЕК аспауы керек. Бұл жылына 12 млн-ды құрайды.
Яғни, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар жеке кәсіпкер ретінде тіркеледі. Сөйтіп патент немесе E salyq business қосымшасы арқылы арнаулы салық режимімен жұмыс істейді. Алматыда 250 мыңға жуық жеке кәсіпкер болса, оның 20 мыңы пәтерді жалға беріп пайда табатындар. Қазақстанның риэлторлар қауымдастығының өкілдері бес жыл бойы қолданыста болған төлемнің тоқтатылатынын құптап отыр.
Александар Пак, Қазақстан риэлторлар қауымдастығының президенті:
Он мыңдаған жалға беруші бар. Оның бәріне бақылау жүргізу мүмкін емес. Сондықтан пәтерін жалға беретіндердің салық төлегені дұрыс. Бұл біріншіден мемлекетке нақты статистика жасауға мүмкіндік берсе, екінші жағынан жалға берушілерге өз құқықтарын заңды түрде қорғауға сеп болады. Өйткені бұл салада көлеңкелі бизнес жүргізіп отырғандар көп. Салдарынан қызмет ұсынушы да, тұтынушы да жапа шегетін кездер орын алаып жатады.
Осы желтоқсанға дейін бірыңғай әлеуметтік төлемнің көлемі республикалық маңызы бар қалалардың кәсіпкерлері 3 мың 450 теңге, ал ауылды жерлердегі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандар 1725 теңге төлейді. Енді өзін-өзі жұмыспен қамтиттындар табысына сай салық төлейді. Ал әлеуметтік төлемдерді бөлек аударулары қажет.
Нұрсұлтан Тілектес