Ресейде IX халықаралық мәдени форумы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде IX халықаралық мәдени форумы өтіп жатыр

17.11.2023

Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Санкт-Петербургтегі IX Халықаралық мәдени форумға қатысып жатыр. Шара аясында министр зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Өнері мен шығармашылығы Қазақстанмен тікелей байланысты екі елдің мәдениет және өнер қайраткерлерімен мәдениетті дамыту, мамандардың біліктілігін арттыру және мәдениет қайраткерлерін қолдау мәселелерін талқылады. Кездесуде ведомство басшысы Ресейде тұрақты тұратын қандастарымыздың қазақ сахналарында өнер көрсетуіне және олардың шығармаларын қазақ оқырмандары мен өнер жанашырларының арасында кеңінен насихаттауға көмек беруге дайын екенін жеткізді. Жиын барысында Аида Балаева Ресейде тұратын қандасымыз, опера әншісі Әлия Кикеноваға "Шапағат" медалін табыс етті.

Әлия Кикенова, опера әншісі

«Біз осында жүріп, қазақтардың мәдениетімен, тілімен, салт-дәстүрімен таныстырамыз. Келесі жылы қазақтың мәдени-ұлттық автономиясына 35 жыл болады. Соған біз дайындалып жатырмыз.»

16-18 қараша аралығына жоспарланған IX Халықаралық мәдени форум халықаралық алаңға айналды. Оған 70-тен астам елдің делегациясы келген. Шара барысында мәдениет пен өнер саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері талқыланып, алдағы жоспарлар бекітіледі.

Индира Бегайдар

Хабарламаларға жазылу