Адамдар болашақта мүлдем жұмыс істемеуі мүмкін. Тек жан рахаты үшін ғана еңбек етеді. Бұл туралы Лондонда өткен «Жасанды интеллект қауіпсіздігі» атты тұңғыш халықаралық саммитте Илон Маск мәлімдеді.
Ал Ұлыбританияда бұл саланы ілгері дамыту үшін арнайы институт құрылды. Ғалымдар бірақ, жасанды интеллекттің адамзатқа деген қаупін жоққа шығармайды. Тұманды Альбиондағы тілшіміз Марина Бекенова тарқатады.
Болашақта адамдар жұмыс істемеуі мүмкін
Бұл тарихта бұрын-соңды болмаған жиын. Екі күн бойы 100-ге жуық технологиялық компанияның басшылары, сарапшылар мен саясаткерлер жасанды интеллектті реттеу және қауіпсіз ету мәселелерін талқылап, саланы ұжымдасып басқаруға уағдаласты. Инженер әрі кәсіпкер Илон Маск болашаққа болжам жасады.
Илон Маск, «Тesla» және «Spacex» компанияларының бас директоры:
Жұмысқа барудың қажеті болмайтын күн туады. Әрине, жан рахатыңыз үшін еңбек ете аласыз, бірақ бәрін де жасанды интеллект істейді. Бірақ күндердің күнінде гуманоид роботтар адамзатқа қарсы шығуы мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі басты назарда болуы керек.
Батыспен арасы суығанына қарамастан Қытай да саммиттен қалыс қалмады. Бейжің Лондонмен және Вашингтонмен ынтымақтастықта жұмыс істейді деген үміт бар. Премьер-министр Риши Сунак жиынды өскелең ұрпақтың ұзақ мерзімді болашағына бағытталған қадам деп бағалады.
Риши Сунак, Ұлыбритания Премьер-министрі:
Осы уақытқа дейін Жасанды интеллекттің қауіпсіздігіне компаниялардың өздері жауап беріп келді. Енді ол іске үкімет те араласа алады. Мен салаға жауапты институт құрдым. Ол әлемдегі жетекші ғылыми орталыққа айналады деп үміттенемін.
Саммитті жыл сайын өткізу жоспарланып отыр. Келесі жылдың күзінде ол Парижде өтеді.
Марина Бекенова