Әлемде соғысты тоқтатуды талап еткен шерулер өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде соғысты тоқтатуды талап еткен шерулер өтті

06.11.2023

Әлемнің көптеген елінде Газа секторындағы қантөгісті тоқтатуды талап еткен шерулер өтіп жатыр. Палестиналықтарға қолдау білдіру үшін көшелерге ондаған мың адам шыққан.

Әлемде Газа секторындағы бейбіт тұрғындардың өліміне қарсы наразылық күшейіп жатыр. Франция астанасында өткен шеруге жиырма мың адам қатысты. Дегенмен өзге бір мәліметтерге қарағанда, наразылық акциясына шыққандардың саны 60 мыңға жеткен. Францияда қарашаның 9-да Газа секторының бейбіт тұрғындарына гуманитарлық көмек жеткізуге арналған халықаралық конференция өтеді.

Антуан Геррейро, Париж тұрғыны:

Біз Палестина халқымен бірге екенімізді көрсету үшін көшеге шықтық. Бейбітшілікті, екі мемлекет шешімін, Израиль мен болашақ Палестина мемлекетінің бірге өмір сүруін қолдаймыз. Әлем елдерінде Газадағы қантөгісті, атысты дереу тоқтатуды қолдау күшейіп келеді.

АҚШ астанасы Вашингтонда шеруге шыққандар Ақ Үйдің жанына жиналды. Қолдарына Палестина туын ұстаған демонстранттар «қырғынды тоқтатыңдар» деп ұрандатты.

Махмуд Абунассер, шеруге қатысушы:

Қантөгіс тез тоқтасын. Жазықсыз бейбіт тұрғындар минут сайын өліп жатыр. Зымыран түскен жерде тұрғаны үшін ғана.

Индонезия астанасында мыңдаған адам Палестинаға қолдау білдіру үшін шеруге шықты. Олар Джакартадағы Ұлттық монумент жанына жиналған. Израильге қарсы ұрандар тасталып, Палестинаны қолдайтын әндер айтылды.

Арай Төлеген

Хабарламаларға жазылу