Су тасқынынан кейінгі Құлсары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су тасқынынан кейінгі Құлсары

28.04.2024

Жем тасығанда Атырау облысының Жылыой ауданы да суға батқан. Ақтөбе өңіріндегі Мұғалжар тауынан бастау алатын Жем өзені Құлсары қаласындағы 3 мыңға жуық тұрғын үй мен түрлі нысанды көлкілдегін су астында қалдырды. 

Құлсарыдан 35 мыңға жуық адам, арасында 7 мыңнан астамы бала бар, 20 мың бас мал қауіпсіз жерге көшірілген. Төрт адам мерт болды. 

Үйлерін көріп келеміз деп шыққан әкелі-балалы тоғыз күннен соң үйлерінен бір шақырым қашықтан 1,5 метр терең судан табылды. Тағы екі ер адамның – олар да үйлерін көруге шыққан, мінген тракторы аударылған...

Қазіргі ахуал қандай, адамдар не істеп жатыр? Билік ше? Атырау облысындағы меншікті тілші Нұрсұлтан Нұрсейіттің репортажы.

Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласын су жайлағалы 24-ші күн. 3 мыңға тарта үй мен инфрақұрылым су астында қалды. Шахарға Атыраудан қатынайтын күре жолды су басты. Тұрғындар не істерін білмей абдырап қалды.

Жалпы тасқын басталғалы ауданнан 36 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Оларды шығару үшін құтқарушылар тынымсыз еңбектенді.

Тасқын кезінде үйлерінде қалып кеткен азаматтарды қауіпсіз жерге тасымалдау үшін полицейлер мен төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері іздестіру-құтқару жұмыстарын үздіксіз жүргізді. Су кей жерлерде белуардан асады. Қатынас тек қайықпен болды. Тілсіз жау 4 адамның өмірін қиды. 4-еуі де суға кеткен түтінін көріп қайтамын деп кетіп, кері оралмаған.

Айдын Байдүйсенов, Қонаев қаласы Жедел құтқару жасағының құтқарушысы:

Құжаттар, үйіне керекті заттарды шығаруға, мал-жанның қауіпсіздігіне жауап береміз. Соларды тасымалдауға көмектесіп жатырмыз. Мақсатымыз сол.

Шаһардың 33 пайызын су басты. Қалған аумақтарды сақтап қалу үшін тұрғындар, төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері және әскерилер күні-түні жанталасты.

Судың беті 10 сәуірден кейін қайта бастады. Жем өзенінің бойындағы жасанды бөгеттерді бұзу нәтижесінде су деңгейі едәуір түсті.

Үйіне су кірмесе де сақтық үшін көшкен тұрғындар қайта орала бастады. Азық-түлік дүкендері мен супермаркеттер, сондай-ақ қоғамдық көліктер өз қызметін жалғастырды. Құлаған үйлер, бүлінген әлеуметтік нысандар, шайылған жолдар. Шығын шаш етектен.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Біз қазір Жадырасын ықшам ауданындағы тасқын судың зардабы тиген үйлердің біріндеміз. Мінеки, су деңгейі мына жерге дейін келген. Іске жарамайтын жиһаз, техника. Тіпті үйдің іші ылғал тартып, сасық иіс шығып тұр.

Саржан Айдабаева, Құлсары қаласының тұрғыны:

Дүние мүлік, қора-қопсы бәрі де кетті. Енді көмек сұраймыз жоғары жақтан, дұрысынан,оңынан шешіліп, басымызға баспана тауып берсін.

Барынан айырылған жұрттың жағдайы қиын. Мәселен мына баспананың түгі қалмаған. Су келген сәтте опырылып түскен. Абырой болғанда адамдар уақытында шығып үлгеріпті.

Шолпан Жұмағалиева, Құлсары қаласының тұрғыны:

Су деген момент тек, бір жарты сағатта толды осы жерге. Метр жарымға дейін толып кетті. Бір кезде бірнәрсе тарс етіп құлады. Содан түсінбей жатырмыз бәріміз. Незат тарсылдап жатқан деп. Қарасам мына менің үйімнің шатыры ортасына түсіп, құлап қалыпты. Сол жерде қасқа жылап мен. Сөйтіп қалдық енді.

Келген шығынды есептеу үшін өткен апта аймаққа бағалау комиссиясы келіп, өз жұмысын бастады. Жер кепкен аумақтарда мамандар жұмыс істеп жатыр. Бағалаушы компания келтірілген шығындарды есептеуді шамамен 1 айда бітіреміз деп отыр. Барлық үй мен инфрақұрылым қамтылатынын алға тартты.

Әділет Ахметбекұлы, бағалау компаниясының сарапшысы:

Сырт жағын тексереді, трещиналар болса фундаменттін экспертизаға алады. Бұрыштарын ойып, влагасын тексереді. Бәрін фотоға түсіріп, полный анализін жібереміз, шешімін комиссия қабылдайды ғой.

Алмат Байдәулетов, бағалау компаниясының атқарушы директоры:

Бағалау методика бар, сол бойынша саналады. Но әр үйдің ремонты, строениелері, фундаменттері, крышалары әрқалай, әрқайсысы индивидуально жасалады. Олардың бәрі бірдей үй емес қой, бірақ методика бір.

Қазір қаланы судан тазарту жұмыстары жүріп жатыр. 6-шы ауыл, Достық, Атырау, Автожолшылар ықшам аудандарына басымдық берілген. Бұдан бөлек Жадырасын, Вахтовый елді-мекендердегі тұрғын жайлар да суда тұр. Бүгінге дейін 1000-ға жуық үйдің аумағы тазартылып, 2 миллион текше метр су шығарылды.

Қалада тасқыннан кейін залалсыздандыру жұмыстары да басталды. Бұған 3 мекеменің қызметкерлері мен техникалары жұмылдырылған. Соңғы ақпаратқа сәйкес 200-ден астам тұрғын-үй, 30-дан астам әлеуметтік нысан дезинфекцияланды.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Дәл қазір біз зираттың қасында тұрмыз. Бұл әлеуметтік желіде ең бір резонанс тудырған тақырыптардың бірі болды. Өйткені қалаға келген қарғын су осы молалардың арасынан әрмен қарай тұрғын жайларға таралған болатын. Тұрғындар қауіптеніп краннан ағатын ауыз суды да ішпей қалды.

Талғат Хабибуллин, Жылыой аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

Ауызсу Жем өзенінен емес, Қиғаш бойынан КТК арнасы су желісімен келеді. Содан кейін магистралды су ағызу қондырғысында тазалаудан өтіп, халыққа беріліп отыр. Судың құрамы қазіргі уақытта таза, алаңдаушылық жоқ.

Тасқын кезінде жарық, газсыз қалған аумақтарда жағдай қалпына келтірілуде. 155 тұрғын үй мен 2 кәсіпкерлік нысан қайта электр энергиясына қосылды. Залалды бағалау және өтеу жөніндегі комиссия өтініштерді қабылдап жатыр.

Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:

Осы күнге дейін 500 үйдің газын реттеп қосып бердік. 4-ші ауылдың екі көшесіне тоқтарын жүргізіп бердік. Бұл жұмыстар әлі де жалғасатын болады. Әлі де үйлер бар.

Баспанасы тұруға жарамсыз жандарға пәтер жалдау және басқа да қажеттіліктері үшін бір реттік әлеуметтік көмек берілді. Бүгінге дейін 3400-ге жуық азаматқа 369 мың теңге төленген. Қысылтаяң шақта құрылған қоғамдық штабта белсенді қызмет атқаруда. 3 мыңға жуық тұрғын мәселелері бойынша консультация алған. Халыққа қызмет көрсету орталығы, адвокат, нотариус, сот орындаушылар және банк қызметкерлері тұрғындарға кеңес беруде.

Дайрабай Елдесбаев, қоғамдық штаб мүшесі:

Әкімшілік пен чстың штабын тапалап жатқан адамдардың назарын өзімізге бұрып алдық. Сонымен қатар мынау Цон сияқты банк сияқты басқа халыққа қызмет көрсететін орталықтарды бір адам екі адамнан осы жерге орналастырып, жүйелі жұмыс істеп кетуіне ықпалымызды жасадық

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:

Қазір зардап шеккендер азаматтарға жан-жақтан көмек көрсетіліп жатыр. Арнайы комиссия мүлік шығынын есептегеннен кейін өтемақы төленеді. Ал егер баспаналары жарамсыз болса, жаңасы салынады. Бұл бағыттағы жұмыстар әділ әрі тез шешілгені жөн.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу