Нетаньяху: ХАМАСқа қарсы соғыстың екінші кезеңі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нетаньяху: ХАМАСқа қарсы соғыстың екінші кезеңі басталды

29.10.2023

Израиль Газа секторында ХАМАС-қа қарсы соғыстың екінші кезеңін бастады. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху осылай деп мәлімдеді. Оның сөзінше, «бұл соғыс ұзақ әрі күрделі» болмақ. Бұған қоса, Нетаньяху Израиль әскери қылмысқа барды деген айыптауларды жоққа шығарды. Ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Стамбулдағы шеру кезінде Израильді әскери қылмыскер деп жариялауға үндеген еді.

Соңғы мәліметтерге сай, Израиль әскерінің әуе және құрлықтағы шабуылына ұшырап жатқан Газа секторында жұмада үзілген телефон және интернет байланысы қалпына келді. Палестиналық анклавта бомбалау құрбандарының саны 8 мыңға жуықтаған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, марқұмдардың 40 пайызы – балалар. Ал Израильде қазанның 7-де ХАМАС-тың шабуылынан 1400 адам мерт болды. Қарулы топ 229 адамды кепілге алған. Әлемнің бірқатар елінде Палестинаны қолдайтын ауқымды шерулер өтіп жатыр. Қантөгісті тоқтатуды талап еткен шеру Израильде де өтті.

Арай ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ


Нетаньяху ХАМАС израиль соғыс газа секторы палестина

Хабарламаларға жазылу