«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» инвестициялық жобаларды қаржыландыруға 511 млрд теңге қаражат бөлген. Еліміздегі шағын және орта бизнестің 18 мың жобасына қолдау көрсетіп, агроөнеркәсіп кешеніне 447 миллиард теңге аударған. Бұл туралы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров Мемлекет басшысының қабылдауында айтты. Мәліметке сәйкес, биыл 811,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 47 мыңға жуық отбасы баспаналы болған. Бұдан бөлек, басқарма төрағасы, холдингті трансформациялау және цифрландыру бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырды. «Бәйтерек» алдағы екі жылда экономиканың шикізаттық емес секторын қолдау ауқымын екі есе арттыратын болады дейді басқарма төрағасы.
Нұрлан Байбазаров, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы:
Холдинг екі жылдың ішінде шикізаттық емес секторға өз үлесін 2 есе арттырады. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін және коммерциялық банктерді экономикалың кредиттеуге ынталандыру үшін жұмыс жүргізілетін болады. Ауылшаруашылығы саласында тамақ өнеркәсібі бойынша жаңа бағдарлама іске қосылады. Жылдың аяғына дейін толыққанды экспорт-кредит агенттігі құрылады.
Аида Ахметбек