Республика күніне орай телевизия ардагерлері марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Республика күніне орай телевизия ардагерлері марапатталды

26.10.2023

Құлаққа жағымды қоңыр дауысымен, әуезді үнімен ресми жаңалықтан бастап, әдеби-драмалық, мәдени хабарларды жүрекке жеткізе білген – Ласкер Сейітов пен Мәриям Айымбетова I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Қазақ телевизиясында ұзақ жыл еңбек етіп, халықпен экран арқылы тілдескен Ласкер Сейітов пен Мәриям Айымбетованың Ұлттық арнаға алғашқы қадамы 1960 жылы басталды. Қос диктор жаңалықтарды жүрзігіп қана қоймай, түрлі бағыттағы хабарларға авторлық етті.

Біреуінің еңбек өтілі 41 жыл ал, екіншісінікі 35 жыл. Отандық телевизияның дамуына сүбелі үлес қосқан жұп Республика күніне орай I дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.

Ласкер Сейітов, ардагер диктор:

Зейнетке шығып отырып, осындай марапатқа ие болудың өзі бір ғанибет емес пе?! Телевизия менің бағым болды. Мен шаңырақ көтердім, мен аяғыма тұрдым, қоғамда өзімнің орнымды алдым. Үлкен белді-белді қаймақтармен, тұлғалармен сұхбат жүргіздім. Айта берсе уақыт көп кетеді. Бір адамға жетерлік бақ.

Ұлттық арнамен тағдырын тоғыстырғанға дейін Мәриям Айымбетова Ақтөбедегі дәрігерлерді дайындайтын институтқа оқуға түскен. Алайда, студент кезінде дикторлар байқауына қатысып, телевизияға жолы ашылған. Ол да мұны өзіне тағдырдың берген сыйы деп біледі.

Мәриям Айымбетова, ардагер диктор:

Аз да болса сол еңбегімізді бағалап, зейнеткер болсақ та еске алып, құрметтегенге біз енді қатты толқып отырмыз. Қуаныштымыз. Осы телевизияға келуім менің ең қуанышты, ең бақытты күндерім.

Осыдан 60 жыл бұрынғы телевизиямен бүгінгі контенттің арасы жер мен көктей. Бірақ үйіміздің төрінде төл арна үнемі қосулы дейді қос ардагер.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу