Мәскеуде қандастарымыз ұлттық мерекені атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде қандастарымыз ұлттық мерекені атап өтті

26.10.2023

Мәскеуде Республика күні кеңінен атап өтілді. Ресей астанасында тұрып жатқан қандастар ұлттық мерекеге орай арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырған.

Мерекелік іс-шара Мәскеудегі «Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің» Қазақстан ұлттық павильонында ұйымдастырылды. Республика күнін атап өтуге жиналғандар қазақтың әуезді әнін тыңдап, мың бұралған бишілердің өнерін тамашалады.

Серік Тойғамбаев, Мәскеудегі қазақ ұлттық-мәдени автономиясының вице-президенті:

Бұл күнді біз, Мәскеу қазақтары құрметпен, сыйластықпен қарсы аламыз. Мәскеудегі Қазақ ұлттық автономиясы осы күндері Қазақстан Республикасының күнін барлық жерде тойлайды, үйде де атап өтеміз, ғылыми конференция да өткіземіз.

Бүгінгі күні Ресейде 60 мыңнан астам қазақстандық студент оқиды. Отаннан жырақта жүрсек ұлттық рухты көтеретін мерекені өткізуге ат салысу парызымыз дейді жастар жағы.

Азамат Мақсұтов, Ресей мемлекеттік өртке қарсы академиясының курсанты:

Республика күнінде павильонда Қазақстан елімізді көрсету мақсатында осы жерге келуіміз дәреже деп білемін. Еліміздің абыройын асқақтата беруге тырысамыз.

Жалпы шара аясында қазақтың бай дәстүрінен сыр шертетін шағын көрме ұйымдастырылды. Ал жас өнерпаздар келушілерге арнайы мастер-класс өткізді. Ұлық мереке Ресейдің өзге де өңірлерінде атап өтілді.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу