Жетісу облысының Қаратал ауданында тарихи-өлкетану музейі ашылды. Өңірдің арғы-бергі тарихынан сыр шертетін рухани шаңырақ аудан орталығы Үштөбе қаласында орналқан. Музей құрылысына облыс бюджетінен 900 млн теңге қаржы бөлінді. Қаратал тарихи-өлкетану музейі тоғыз бөлімнен тұрады. Бірінші қабатта көрермен өңірдің табиғаты, флорасы мен фаунасы жайлы ауқымды мағлұмат ала алады. Ал екінші қабатта ежелгі заманнан бастап, ауданның қазіргі кезеңінен, абыз да аңыз болған перзенттері туралы сыр шертетін бөлімдер бар. Әзірге 360-тан астам жәдігер жинақталған.
Айгүл Нұрланқызы, экскурсия бөлімінің меңгерушісі:
Ең құнды экспонаттардың бірі сол уақыттардағы Тілеуқұл батырдың өзінің киген шапаны және де қолына таққан сақинасы. Сақинаның бетінде арабша әріптер бар. Бұл сол уақыттарда мөрдің қызметін атқарған бірден бір сақина.
Күндіз күміс түнде алтын боп ағатын Қаратал өзенінің жағасында небір билер мен шешендер, ақындар мен жыраулар өмір сүрген. Ауданның әртүрлі саласында өңірдің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан азаматтар жайлы мағлұматтарды заманауи планшеттерден де алуға болады.
Гүлсім Есентайқызы, Қаратал ауданының тұрғыны:
Біздің болашақ жеткіншектерімізге, балаларымызға мынау өте жақсы нәрсе. Қараталдың жетістіктерін көрдік. Қараталдың бұрын жұмыс жасаған азаматтарын көрдік. Енді маған өте ұнады. Мен өзімнің тіліммен айтып жеткізе алмаймын. Өте жақсы.
Жаңа музей алдағы уақытта басқа да жәдігерлермен толығып отыратын болады. Жалпы Жетісу жеріндегі мұндай тарихи-өлкетану шаңырақтар саны 13-ке жетті.
Қуаныш Қанатұлы
