Сөзден – нақты іске. Шаһар мәртебесін алғанына екі-ақ жыл болған Қосшыда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Депутаттар «Енді қала тұрғыны болдық» деп қуанған халықтың өтініш талаптарын да жедел орындауға тырысуда.
Кезектен тыс сессияға жиналған депутаттар алдымен халық мәселесін қаузап бастады. Қосшы қаласының ілгері басуына бастайтын іргелі жобаларды ортаға салды. Халық қалаулылары осы күнге дейін 53 депутаттық сауалдың 90%-на жауап беріп, түйіткілді мәселелердің шешімін тапқан.
Әлихан Жұмаханұлы, Қосшы қаласы Мәслихатының төрағасы:
Бүгінгі күні тікелей депутаттардың ықпалымен 19,20-шы мөлтек аудандарда ауызсу беру мәселесі шешіліп жатыр. Осы қараша айының бас жағында ауызсу берілуге тиіс. Автобус кестесінің жақсаруына қалалық құзырлы басқармалармен уағдаластыққа қол жеткіздік. Осы қараша айының соңына дейін біраз автобус қосуға уәде беріліп отыр.
Депутаттардың тікелей бастамасымен 3 жылдан бері құрылысы тоқтап қалған мектеп, биыл пайдалануға берілді. «Лесная поляна» тұрғын алабында «Жанұя» емханасының екінші филиалы ашылды. Ал «Бірлік» аллеясы қала қонақтары мен тұрғындардың тынығатын орнына айналған. Балаларға арналған 10-нан аса ойын алаңы да жас қалаға көрік беріп тұр.
Темірбек Баянұлы, Қосшы қаласының тұрғыны:
Қариялар алғыстан басқа не айтамыз?! Бұдан басқа үлкен-үлкен асулар бар. Соның бәріне енді көмек күтеміз. Қадағалап, осындай халықпен жиналып, халықпен шешіп жатқан мәселенің барлығы, шешусіз қалмайды ғой.
Депуттартар, ілкімді істерден соң тұрғындар да сілкіне бастады дейді. Жас қаланың көркеюіне атсалысып, әр сәрсенбі сайын халық қалаулыларымен жиын өткізуді әдетке айналдырған.
Тәуірбек Бозекен