Нью-Йоркке бір жылда 110 мың босқын келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нью-Йоркке бір жылда 110 мың босқын келген

20.10.2023

АҚШ-тың ең ірі шаһары Нью-Йорк миграциялық дағдарысқа тап болды. Босқындардың көптігі сонша оларды қала әкімшілігі тіпті мектептердің спорт залдарына орналастыруға мәжбүр. Шаһар мэрі федералдық деңгейде көмек берілмесе Нью-Йорктан айырылып қаламыз деп мәлімдеді.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Тұрғындар саны сегіз жарым миллионнан асатын Нью-Йорк мигранттардың толассыз ағынан зардап шегіп жатыр. Былтырдың өзінде жүз он мың адам елдің оңтүстік шекараларын заңсыз кесіп өтіп осы қалаға келіп паналаған. Ал оларды баспанамен, ас, сумен қамту үшін шаһар бюжетіне үлкен салмақ түсіріп тұр. Бір жылдың өзінде бір миллиад доллар жұмсаған.

Бұл – қаладағы ондаған қайырымдылық орталығының бірі. Таң сәріден ұзын сонар кезек. Көбі жаңа өмір іздеп Оңтүстік Америка елдерінен босып келген жандар.

Хуан Де Ла Круз, үйсіздерге көмектесу коалициясының директоры:

Біз осы орталықтың өзінде күн сайын орта есеппен үйсіз-күйсіз мыңнан аса адамға тамақ таратамыз. Ал шұғыл көмек көрсету жобасы арқылы негізінен киім-кешекпен және өзге де қажетті заттармен қамтимыз. Босқындар саны тоқтаусыз артып жатыр. Ал олардың барлығына бірдей көмек қолын соза алмаймыз. Ас, су біріне бірдей жетпейді.

Қала қазірдің өзінде арнайы орталықтар аздық еткен соң бірқатар қонақүйді, тіпті қаладағы кебір мектептердің спорт залдарын босқындарға босатып берген. Бірақ, мұның өзі мәселені толық шеше алмады. Мыңдаған адам көшелерінде түнеуге мәжбүр. Миграциялық дағдарысқа байланысты төтенше жағдай жариялаған қала мэрі шаһар инфрақұрылымы заңсыз көші қонға төтеп бере алмайды деп мәлімдеді.

Эрик Адамс, Нью-Йорк қаласының мэрі:

Мен мұның соңын көріп тұрған жоқпын. Бұлай жалғаса берсе Нью-Йорк қаласынан айырылып қаламыз. Біз ай сайын 10 мың мигрант қабылдаймыз, Венесуэладан, Эквадордан ғана емес, енді Мексика арқылы орыс тілділер мен батыс Африкадан да ағылуда. Яғни әлемнің түкпір-түкпірінен тоқтаусыз келіп жатыр.

Эрик Адамс қазіргі бар босқындардың өзін қолдауға күн сайын қомақты қаржы бөлуге мәжбүр шаһардың ақшасы таусылуға жақын дейді. Ал заңсыз көші-қонды еңсеру үшін алдағы үш жылда бес миллиард доллар қажет. Яғни мамандардың айтуынша, федералды бюджеттен шұғыл көмек берілмесе, миграциялық дағдарыс тұтас қала тіршілігін тұралатып тастауы мүмкін.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу