Еліміздің 13 өңірінде ұн бағасы қымбаттағанымен, Алматыда нан бағасы өзгеріссіз қалады. Қазір бірінші сұрыпты ұннан әзіреленетін әлеуметтік нан наубайханалардан дүкендерге 80 теңгеден жеткізіліп, дүкендерде 100-110 теңгеден сатылып жатыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, мегаполис халқы күніне 160 тонна нан тұтынады. Оларды ас атасымен қамтамасыз ету үшін үш бірдей ірі кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Айта кету керек бірінші сұрыпты ұнның келісі ақпан айында 310 теңгеге дейін шарықтап, жазға қарай 260 теңгеге арзандаған еді. Биыл астық тиісті мөлшерде жиналмағандықтан, ұнның құны жақында қайтадан 310 теңгеге қымбаттады. Бірақ, бұл нанның бағасына әсер етпейді деп отыр әкімдік өкілдері.
Рахымжан Әріпжанов , Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы:
Нанның бағасын әрі қарай тұрақты қалыпта сақтау үшін Алматы қаласының әкімдігі, Ауыл шаруашылық министрлігі мен Ауыл шаруашылығы корпорациясы арасында үшжақты меморандум қабылданды. Оның аясында нан кәсіпорындарына 9,4 мың тонна астық жеткізу пысықталуда. Бюджеттен 460 млн теңге резервтелді.
Нұрсұлтан Тілектес