Алматы облысындағы мектеп асханасында мерзімі өткен йогурт таратылған
Алматы облысына қарасты Қарасай ауданында бастауыш сынып оқушыларына мерзімі өткен йогурттар берген. Осыдан екі жыл бұрын жарамсыз болып қалған сүт өнімдері 70-ден астам балаға мектеп асханасында таратылған. Мұндай өнім білім ошағына кімнің рұқсатымыен әкелінді? Бүлінген өнімді жеген балалардың жағдайы қалай? Мән-жайды тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес анықтады.
Жандосов ауылының тұрғындары таңсәріден елді мекендегі жалғыз мектептің жанына жиналды. Өйткені бір күн бұрын дәл осы білім ошағында оқитын балаларына таңғы аста мерзімі өткен йогурттар беріліп, өздерін жайсыз сезінген.
Гүлмира Аршабаева, ауыл тұрғыны:
Таңға жуық қызым ішім ауырды деді. Үйге алып келді, йогурт берді деді. Жеді, оның сыртын қарамаппыз. Үлкен қызым алып келді, мынаның мерзімі өтіп кеткен екен деп.
Балжан Исмұрзина, ауыл тұрғыны:
Бұл масқара ғой. Балалар өліп те кетеді ондайда. Содан енді қорықтым. Құдайға сыйынып отырмыз.
Нұрсұлтан Тілекте, тілші:
Йогурттарды балалар осы асханадан алған. Дәл қазір менің қолымда солардың бірінің қорабы тұр. Мұнда 2021 жыл, қыркүйек айының 19-на дейін жарамды деп жазылып тұр. Яғни осыдан екі жыл бұрын жарамдылық мерзімі аяқталған. Ең сорақысы дәл осындай йогурттар кеше 70-тен астам бастауыш сынып оқушысына таратылған.
Балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз ететін мердігер йогуртты қаладағы базарлардың бірінен алғанын айтты. Ал ахуалды тікелей бақылауда ұстауы тиіс мектеп директоры да жағдайдың алдын-ала алмапты.
Майра Әділбекова, мердігер:
Көп аламыз. Мен алған кезде 4 қорабын қарап алдым. Қалғанын енді қараған жоқпын. Соны байқап, қарап алмаппыз енді.
Жұлдыз Қиқымова, О.Жандосов атындағы орта мектебінің директоры:
Бірінші қорапты ашып көрдік. Бірінші қорап «нормально» болған соң түгел қораптар сондай деп ашып көрген жоқпыз. Арендатор, мен де кінәлімін. Арнайы комиссиямен түгел тексермегенімізге.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, асханадағы азық-түліктің сапасына жауапты мектепішілік комиссия мүшелері мен директорға қатаң ескерту жасалған. Мердігер компанияға қатысты да тексеріс жұмыстары басталған.
Әсел Еркінбаева, Қарасай ауданы білім бөлімінің басшысы:
Қолдану мерзімі өткен сүзбеше бары, оның тоңазытқышта тұрғаны анықталды. Біз акт жасап, жеке кәсіпкерге хат жоладық. Құзырлы органдар тарапынан қазір қылмыстық іс қозғалып, тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тергеу жұмыстарының нәтижесінен кейін біз міндетті түрде сотқа жүгінетін боламыз.
Мерзімі өткен йогуртты асханаға алып келіп, кейінен балаларға таратқан мердігер әлі жұмысын тоқтатқан жоқ. Аудандық білім бөлімі тергеу жұмысы анықталмайынша мердігермен келісімшартты үзе алмаймыз деп отыр. Ал, ата-аналар балаларының денсаулығына алаңдап, асханаға жіберуге үйреленіп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
