Ұлттық арнадағы «Qazaqstan дауысы» байқауында бақ сынап жатқан «BRO» дуэті апта сайын әлем бойынша үздік орындаушыларды анықтайтын «The Voice» жобасының топ-ондығына кірді. Ағайынды Бекболат және Айдар Жазықбаевтар – Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Құсмұрын ауылының тұрғындары. Олар «Qazaqstan дауысы» жобасының «Көрмей таңдау» кезеңінде орындаған кавер нұсқадағы әнді өздері өңдеп, шығыс иірімдерімен жаңа нақышқа келтірген. Ерекше өнер көрсеткен дуэтке алғашқы минутта-ақ жоба тәлімгерлері бірден бұрылды. Қазір жас өнерпаздар әнші-тәлімгер Маржан Арапбаеваның тобында.
Бекболат Жазықбаев, «Qazaqstan дауысы» жобасының қатысушысы:
«Qazaqstan дауысында» осы жолы біз сияқты дуэттерге, триоларға ерекше мүмкіндік берілді. Біз Айдар екеуміз кавер нұсқада ән шырқағанды өте қатты жақсы көреміз. Өзіміз оранжировка жазамыз, өңдейміз. Өз студиямызда үлкен командамызбен каверлер жазған болатынбыз.
Еске салайық, «Qazaqstan дауысы» мегажобасының кезекті шығарылымы алдағы сенбі күні 20:30-да Ұлттық арнада эфирге шығады.