Көпбалалы отбасы алматыдан ауылға қоныс аударды
Алатаудың баурайынан - шалғай ауылға! 7 баланы тәрбиелеп отырған өнегілі отбасы алып шаһар Алматыдан Қостанай облысындағы шағын ғана елді мекенге қоныс аударды. Тынымсыз еңбектің арқасында тұрмысын тіктеп, ауыл тіршілігінен береке тапқан отбасы жайлы Мәдина Нағашыбайдың бейнематериалында.
Алты баласымен Алматының аядай ғана бір бөлмелі пәтерін жалдап тұрған Нұржан мен Айнұрдың кең дастарқаны енді кең сарайдай өз үйінің төрінде үнемі жаюлы. Көшіп келгендеріне бірнеше жыл болды. Үйдің үлкені - студент, кенжесі 3 жаста. Отанасы жетінші сәбиін осы жерде дүниеге әкеліп, былтыр «Алтын алқа» тағынды. Екеуінің де тұрақты жұмысы бар.
Нұржан Омар, ауыл тұрғыны:
Жақсы ауыл. Еңбегі жақсы. Жақсы көмектесіп жатыр. Үй берді. Жылу құбырын дәнекерлейміз, жөндейміз, тіршілік жасап жатырмыз. Малға жайлы болған соң келдік.
Көлігі сынған ауылдастары осы үйге ағылады. Нұржан – нағыз шебер. Балалар да ауылдың тіршілігіне төселген. Еңбектен қашпайды. Мектептен соң бірі волейболға, бірі күреске қатысады.
Ал Айнұр – ауылдағы балабақшада тәрбиеші. 9 жыл еңбек өтілі бар білікті педагог. Соңынан оңтүстік өңірден 2 жас маманды да ерте келіпті.
Айнұр Ишматова, ауыл тұрғыны:
Қолыңнан не келеді? Қандай жұмыс жасағың келеді? Барлығына мүмкіндік бар! Келген бетте жолдасымыз екеуміз малмен же айналыстық. 12 жілікке бөліп, оны сатты, оның сүтін сатып, айран сатып жұмыстан бөлек табыс тауып отырдым. Келгеніме ешқандай өкінбеймін. Халқы да өте күшті. Дүкенге барсам, ұялма, керегіңді аят, не керек, не көмек деп көмек қолдарын соза қалады.
Аудан орталығы Денисов ауылында 4 мыңға жуық халық тұрады. Мұнда бар жағдай жасалған. Орталықтандырылған су жүйесі мен газ әр үйге кіріп тұр. 2017 жылдан бері ауданға оңтүстік өңірлерден 40-тан аса отбасы көшіп келіп, барлығы да осы жақта тұрақтап қалған.
Ерлан Құлжанов, Денисов ауданы мансап орталығының жетекшісі:
Көші-қон шығынын толық мемлекет өтейді, яғни әр отбасы мүшесіне 70 АЕК -тен төленеді. Сондай-ақ пәтер жалдап тұруға бір жыл бойы қаржы беріледі. Ал экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы баспаналы болуға да мүмкіндіктер қарастырылған. Дені Түркістан, Маңғыстау облысы мен Шымкент қаласынан келеді.
Былтыр түстіктен Қостанай облысына 500-ден аса адам қоныс аударды. Биыл да 114 отбасы ниет білдіріп, төрт айдың ішінде 485 квотаның 90 пайызы игерілді. Бағдарлама шарты бойынша, олар 5 жыл тұруға міндетті. Бұл келісім бұзылса, алған көмектің бәрі мемлекетке қайтарылады. Ал Омаровтар отбасы теріскейде түлеп, тамыр жаямыз, ешқайда кетпейміз дейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы