Басты Жаңалықтар Алакөл жағалауында инфрақұрылым желілері жаңғыртылып жатыр

Алакөл жағалауында инфрақұрылым желілері жаңғыртылып жатыр

Алакөлде инфрақұрылым жаңғыртылып жатыр. Жоңғар Алатауының баурайы мен Алакөл жағалауын жайлаған Ақши, Көктұма ауылдарының тыныс-тіршілігі туризммен тығыз байланысты. Соңғы жылдары жағалауды су шайып, тұрғындар әбігерге түскен еді. Қазір елді мекен маңында су бөгеті салынып жатыр. Сондай-ақ, өңірдің туристік әлеуетін арттыру үшін электр желілері мен кәріз жүйесі қайта тартылып жатыр. 

Алакөл туристер үшін тартымды болса да, жергілікті жұрт үшін жағалау қауіп көзіне айналған. Көктемде қар ерігенде, көлдің деңгейі көтеріліп, ғимараттарға зақым келеді.

Көл жағалауы қазір бекітіліп жатыр. Бөгет салынып біткенде мұндай мәселе туындамайды дейді мердігер. Жыл соңына дейін Көктұма ауылында биіктігі 6,5 метрден 14 метрге дейін 3,5 шақырым қорған салынады.

Асқар Жиынбаев, мердігер компанияның өкілі:

Екінші кезең – Ақшидегі 10,5 шақырым. Көктұма учаскесі 2026 жылдың соңында аяқталады. Ақши учаскесі 2028 жылы аяқталады.

Демалыс аймағын таза ұстау - өзекті мәселе. Киім ауыстыратын орындар мен дәретхана тапшылығы да болды. Енді Алакөл жағалауына қарайтын мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын құрылды. Туристердің жайлылығы үшін қажеттінің бәрі орнатылмақ.

Маржан Сәділдина, облыстық Туризм басқармасының басшысы:

Биыл қосымша 100 контейнер маусым басталғанға дейін қойылады. Сондай-ақ 25 санитарлық торап және 20 био дәретхана бар, ал биыл тағы қосымша 30 био дәретхана орнатылады.

Алакөл жағалауында инфрақұрылым желілері жаңартылып жатыр. Ақши бағытына 60 шақырым электр желісі тартылып, қосалқы станция іске қосылды, кәріз жүйесі келер жылы дайын болады.  Талдықорған–Достық–Үшарал  магистралі мен Үшарал әуежайы жаңартылды. Бұл 2 млн туристке қызмет көрсетуді жоспарлап отырған өңірдің экономикалық дамуына жаңаша серпін береді дейді мамандар.

Бөлісу