Басты Жаңалықтар Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту қарқын алды

Теміржол инфрақұрылымын жаңғырту қарқын алды

Маңғыстау өңірінде «Бейнеу–Маңғыстау» теміржол желісінің 8 бірдей бекетінде бұрын-соңды болмаған жаңғырту жұмыстары басталды. Барлық станцияларда жол ұзартылып, қосымша теміржол тармақтары салынуда. Жоба Мемлекет басшысының көлік-логистика әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асады. Аягөз Оралбайқызы тарқатады.

Құрылыс жұмыстары 6-шы, 8-ші, 10-шы, сондай-ақ 12 және 15-бекеттерде жүргізілуде. Барлық нысандарда қосымша бағыттама бұрмалар орнатылып, жаңа жолдар төселуде. Сайөтес пен Бейнеу станцияларында да жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бейнеуде теміржол паркі мен 7 жол салынуда.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Бейнеу-Маңғыстау темір жолы бойындағы 15-бекетте бұған дейін станциялық екі темір жол болды. Инфрақұрылымды дамыту жобасы аясында міне үшінші жол төселіп жатыр. Соның арқасында жолдар ұзартылып, пойыздар еркін өтетін болады.

16-бекетте де осындай жұмыстар жүргізілмек. Бұл жүк пойыздарының кедергісіз өтуіне және жүк айналымының артуына ықпал етеді. Себебі алдағы уақытта контейнерлік жүк тасымалының көлемі ұлғаймақ.

Болат Абатаев, Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің инфрақұрылымды дамыту бөлімінің бастығы:

Қазіргі таңдағы біздің станция жолдарының ұзындығы 57-58 шартты бірлік деп айтады, вагондар санын сыйдыра алады. Енді біз болашақта ұзын контейнерлік пойыздарды жүк пойыздарды өткізу үшін осы станция жолдарының бәрін біз қосымша жолдарды саламыз, 71 шартты бірлік сыятын қылып тағы да ұзартамыз. Бұл жобаның жалпы мақсаты – контейнерлік ұзартылған жүк пойыздарды кедергісіз өткізу.

Ел бойынша қолданыстағы 3000 шақырымдай жол жаңғыртылып жатыр. Сонымен қатар Бақты – Аягөз, Дарбаза – Мақтарал, Мойынты – Қызылжар жаңа теміржол желілері салынуда. Бұл жобалар Қазақстан экономикасы мен транзиттік әлеуетіне тікелей әсер етпек. Стратегиялық маңызды бастамалар Мемлекет басшысының көлік-логистика әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асуда.

Ислам Сұлтанов, «Самұрық Қазына» АҚ Көлік және коммуникациялар департаментінің аға менеджері:

ТрансҚазақстандық темір жол дәлізін дамыту мақсатында 3 мың шақырым темір жол инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Оның ішінде Алтынкөл-Жетіген, Бейнеу-Маңғыстау және Шалқар-Бейнеу сияқты негізгі учаскелерде. Көлік логистика саласындағы жобалар Самұрық Қазына АҚ-ның портфеліндегі негізгі бағыттардың бірі болып табылады.

Маңғыстауда бұған қоса, Бейнеу, Шетпе және Маңғыстау теміржол вокзалдары жаңадан салынып жатыр. Аймақтың туристік әлеуеті ескеріліп, нысандар заманауи үлгіде, жаңа технологиялармен жабдықталмақ.


Бөлісу