Кәсіпорындағы апат: Қаза тапқандардың отбасына 10 жылдық жалақы төленеді
Өскемендегі апаттан қаза тапқандардың отбасына 10 жылдық жалақы төленеді. Сондай-ақ жерлеу рәсіміне байланысты барлық шығынды «Қазцинк» компаниясы толық өз мойнына алады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді. Ал ауруханада ем алып жатқандарға қажетті медициналық қызмет пен дәрі-дәрмек шығындары да толықтай кәсіпорын есебінен өтеледі. Бұдан бөлек, олардың еңбек ақылары 100 пайыз көлемінде сақталады. Қазір өндіріс аумағында болған қызыл жалын оқшауланды. Өрттен кейін қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды. Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов қайғылы оқиғаға байланысты жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Еске салсақ, бүгін таңертең Өскемендегі металлургиялық кәсіпорын аумағында жарылыс болған еді. Салдарынан екі адам опат болып, 5 адам жарақаттанды.
Мұрат Нұрбикенов, ШҚО мамандандырылған медициналық орталығы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:
Үш науқаста тек жеңіл жарақат анықталып, олар амбулаторлық емге жіберілді. Екі науқас ауруханаға жатқызылды. Біріншісі 1980 жылы туған ер адам. Оның жағдайы ауыр. Денесінің 90 пайызын термиялық күйік шалған. Тыныс алу жолдары зақымданған. Оған шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды. Екінші науқас – 1974 жылғы ер адам. Оның бел омыртқасы сынғаны анықталды. Ол травматология бөліміне жатқызылып, қажетті ем қабылдап жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы