Тараздағы жарылыс болған мектеп бір айдан кейін пайдалануға беріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тараздағы жарылыс болған мектеп бір айдан кейін пайдалануға беріледі

21.09.2023

Тараздағы №44 мектептің оқушылары өз сыныптарына қазан айының ортасына қарай оралмақ. Өйткені маусым айында басталған құрылыс жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Себебі, мердігердің бір ай уақыты бар. Әзірге жұмыстың 65 пайызы аяқталған.

Жалпы жоба құны 231 млн теңгеден асады. Ал оқушылар үшін арнайы автобустар бөлінген. Бүгінде мыңнан астам оқушы қаладағы нөмірі 23, 31 және 62-ші білім ұясына тасымалданады. Ал қала әкімдігі ағарту ошағында болған оқыс оқиға құрылыс қарқынына кедергі келтірмейді деп отыр. Өйткені өрт бір ғана сыныптың ішінде болып, басқа бөлмелерге жетпеген.

Бақытжан Орынбеков, Тараз қаласының әкімі:

Егер жаңа оқу жылында ашылмады демесеңіз, кешігіп жатыр деуге негіз жоқ. Себебі, бұл жерде жөндеу жұмыстарының мерзімі – төрт айдан бес айға дейін. Сондықтан үш айда бұл жұмыстарды атқарып шығу мүмкін емес.

Еске салайық, күні кеше мектеп жұмысшылары бояу құтысын ашқанда жарылысы болып, от шыққан. Салдарынан қызыл жалыннан қашпақ болған екі құрылысшы терезеден секіріп кетеді. Жағдайы ауыр науқастар жансақтау бөліміне жатқызылған. Оларға алдағы дүйсенбіде Астанадан келетін мамандар ота жасамақ.


Хабарламаларға жазылу