Ақмола облысында бір аудан халқы 6 айдан бері ауыз сусыз отыр. Су құбырларының әбден тозығы жеткен дейді шенділер. Десе де желілерді жөндеуге бірнеше жыл қатарынан қомақты қаражат бөлініп келгенін айтады. Бюджет қаржысы қайда кетті? Қос ауданға тіршілік нәрі қашан беріледі?
Су кезегіне тұру – Егіндікөл ауылындағы жұрттың күнделікті жұмысына айналған. Құдық басына көлігі бар тұрғындар ғана келе алады. Ал ондай мүмкіндігі жоқтар әкімдіктің арнайы қызметіне тәуелді.
Александр Слисковский, Су арнасы директорының міндетін атқарушы:
Суды басқа аудандардан тасимыз. Бір көліктің сыйымдылығы 20 текше метр. Күніне 3-4 рет барамыз. Ол су жеткіліксіз.
Ауданды ауызсумен қамтамасыз етіп отырған «Нұра топтық су құбыры» басшылығының айтуынша, желінің пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Жамап-жасқаумен тұрған магистраль қысымға шыдамай, әр жері жарылып жатыр.
Ерлан Текешов – «Нұра топтық су құбыры» РМК Бас директоры:
Құбырды біз Ақмола су арнасынан 18 жылы алған болатынбыз. Ол кезде сол 127 млн қарызымен бізге өтіп кеткен болатын. Содан бері осы қарыз көбейіп келеді. Осы апатты жағдай күн сайын болып жатқандықтан болып жатқан ушерб те көп. Ай сайын 9-10 млн осы апаттан ғана жоғалтамыз біз.
Құрылысқа бөлінген қаражат қайда?
Ал қоғам белсендісі Дидар Смағұлов дәл осы құбырды жөндеуге кейінгі үш жылда бір миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінгенін айтады. Алайда ол қаражат құмға сіңген судай жоғалған.
Дидар Смағұлов, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры:
Құжат бойынша бір 20-25 шақырымы ауыстырылған екен. Бірақ біз оны көрмейміз. Қаншама хат жазсақ та, ауызша хабарлассақ та. Айтыңыз бізге. Біз өз қаражатымызға экспертизаны жалдайық. Сарапшыларды алып, көрейік.
Дәл осы «Нұра топтық су құбыры» қарайтын Экология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері магистральдың жөнделген тұсын көрсетіп берді. Алайда ауылдардың жағдайы жақсармаған. Қазір құбыр жүйесін толық жаңарту бойынша жоспар құрылып жатыр.
Серік Мейрамбеков – ҚР ЭТРМ Су ресурстары комитеті төрағасы орынбасарының міндетін атқарушы:
Комитет 340 млн теңгеге Қорғалжың, Егіндікөл аудандарын сумен қамтып отырған 337 километр желінің жөндеу жобасын жасатып жатыр. Ол төрт бөлікке бөлінген. Бірінші бөлігі мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Екіншісін тексеріске жақында жібердік.
Құбырдың Егіндікөлден Степняк елдімекеніне дейінгі аралығын жөндеуге 570 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінді. Байқауды «Көкшетаугидрогеология» мекемесі жеңіп алған. Мердігермен келісімшарт келесі жылдың соңында аяқталады.
Аида Ахметбек