Қызылорда облысындағы уран кен орындары бірер жылда өндіріс көлемін ұлғайтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысындағы уран кен орындары бірер жылда өндіріс көлемін ұлғайтады

29.08.2023

Қызылорда облысында уран өндірісі өркендеп келеді. «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының аймақтағы еншілес кәсіпорындары жаңғырып, өндіріс көлемі ұлғаюда. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Сыр өңіріндегі уран өндіруші кен орындарының әлеуетін арнайы барып көрді.

Қордың басқарма төрағасы уран өндіруші кәсіпорындарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысты. Жалпы өндіріс өркендеп, барлығы автоматтандырылған жүйеге көшкен.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы:

Хорасан-U», «Байкен-U» уран кен орындарына келіп, бұл кәсіпорындардың жоғары өндірістік қабілетіне көз жеткіздім. Уран өндірісінде әлемдегі озық технологияларды пайдаланып отыр. Мұнан бөлек, бұл компанияларда жұмысшыларға жан-жақты жағдай жасалып, әлеуметтік тұрақтылық қалыптасқан.

Әлем бойынша өндірілетін уранның 42 пайыз үлесі Қазақстанға тиесілі. Ал соның 22 пайызын «Қазатомөнеркәсіп» акционерлік қоғамына қарасты кен орындар өндіреді. Ұлттық компания ең бірінші кезекте өнеркәсіптік қауіпсіздікке баса көңіл бөліп былтыр осы бағытқа 8 миллиард теңге қаржы жұмсаған.

Қуаныш Омарбеков, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАҚ» АҚ өндіріс жөніндегі бас директоры:

Уранды ПСВ тәсілімен аламыз. Ол қазіргі уақытта әлемдегі ең экологиялық таза және экономикалық жағынан тиімді тәсіл болып табылады. Барлық өнім бізде тікелей экспортқа кетеді.

«Байкен-U» кәсіпорны облыста табиғи уранды өңдеп, тікелей экспортқа шығарып отырған компаниялардың бірі. Мұнда өндірілген уран бүгінде әлемнің көптеген елдеріне сатылуда. Қайта жаңғыртудан өтіп жатқан кен орны бірер жылда өндіріс көлемін едәуір ұлғайтпақ ниетте.

Жұмағали Маркенбаев, «Байкен-U» ЖШС Бас директоры:

Бүгінгі таңда Қызылорда облысының өндіріс дамыту бағдарламасы бойынша модернизация жұмыстары жүруде. Келесі жылы барлық жұмыстар біткеннен кейін өнім шығаратын қуаты екі есе ұлғаятын болады. Қазіргі өнім 1040 тонна болып саналады. Келесі жылы 1400 тонна.

Сондай-ақ «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы өткен жылы өңірлерді дамытуға 2,6 миллиард теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті.

Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу