БҚО-да 30 жылда өркендеген өндіріс орындары - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да 30 жылда өркендеген өндіріс орындары

30.11.2021

Тәуелсіздік жылдарында Батыс Қазақстан облысы 100 пайыз энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізді. Бұл - жаңа газ-турбиналы электр стансасын салу арқылы мүмкін болды. Сондай-ақ елімізде тұңғыш рет кеме жасау өндірісі қолға алынып, осы жылдары 34 әскери су көлігі теңіздегі шекараны күзетуге бет түзеді. Отыз жылда өсіп-өркендеген өзге де өндіріс орындары жайлы Ардақ Мұратқызы баяндайды.

Отыз жыл бұрын өңірге қажет электр қуатының 95 пайызы Ресейден алынатын еді. Кейін аймақта жаңа газ-турбиналы электр станциялары салынды. Ал бес жыл бұрын Бәйтерек ауданы Белес ауылында қуаттылығы 200 мегаваттық жаңа станса іске қосылып, аймақ 100 пайыз энерготәуелділіктен құтылды.
Вячеслав Сумкин,  бас инженердің орынбасары:
Біз өңірді сапалы қуат көзімен қамтитын газ турбиналардың қызметін бақылаймыз. Осы жұмысқа келмес бұрын білім жетілдірдік, шетелдік технологиямен жұмыс істеуді үйрендік. Мамандар білікті. Өндіріс желісінің бәрі де автоматтандырылған.
Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін елдің әскери әлеуеті мықты болуы тиіс. Сол тұста елдегі ондаған кәсіпорын ішінен «Зенит» зауытына таңдау түсіп, елімізде кеме құрылысы өндірісінің негізі қаланды. Бүгінде кәсіпорында 1000-ға жуық адам еңбек етеді. Отыз жылда 34 катер мен кеме құрастырған зауыт қазір алып су көлігін жобалауға кіріскен.
Ахметжан Шоқпытов,  зауыт директорының орынбасары:
Үлкен бір кеме шығарайық деп жатырмыз, 700 тонадан астам үлкендігі. Қазір біздің потенциалымыз, күш-қуатымыз, мамандардың білімдері бар. Оларды біз жыл сайын Санкт-Петербургке жіберіп, оқытамыз. Өзіміздің еліміздің қарапайым қаракөздеріміз жұмыс істеп жатыр.
Отыз жылда бұл зауытпен қоса, өзге де жүздеген кәсіпорын өндіріс қуаттылығын арттырды. Өнім түрлерін көбейтіп, шаруашылық нысанын кеңейтті.
Жұмагелді Батырниязов,  облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:
Тәуелсіздік жылдары облыста көптеген өндірістер мен жаңа брендтар пайда болды. Бұлар - май комбинаты, ұн шығару, диірмен зауыты, таза су өндірісі.  Орал Агрореммаш зауыты өрт сөндіру машиналарын шығарды. Машина жасау компаниясы бірқатар жетістікке қол жеткізді. 
 Үш онжылдықта өңірде өнеркәсіп өнімінің көлемі 4,5 млн теңгеден 1,8 трлн теңгеге жеткен. Бұл Тәуелсіздік жылдарындағы еселі еңбектің айғағы.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу