«АрселорМиттал Теміртау» қарағандылық кәсіпорындарға 2 млрд 610 млн теңге қарыз. Өндіріс үшін жергілікті кәсіпорындардан алынған көмір концентратының ақшасын бермеген. Салдарынан 500-дей жұмысшы далада қалды. Көмір концентратын зауыттардан алып металлургиялық комбинатқа өткізіп отырған Майқұдық байыту фабрикасы ақшасын ала алмай отыр. Арада желтоқсанға дейін келісім-шарт бар. Бірақ компания маусым айынан бері концентрат алуды тоқтатып, шетелден сатып алып отыр. «KAZ Феррит» фабрикасының қызметі де тоқтап, соңы жұмыссыздыққа алып келді.
Бекжан Көпбаев, «KAZ феррит» ЖШС директоры:
Біз қазір екі ай болды жұмыскерлерге жалақыны бере алмай отырмыз. 65 млн көлемінде жалақы қарызымыз бар. Мынау «АрселорМиттал Теміртау» біздің контрагентке ақшамызды төлемей отыр. Содан кейін біз жұмыскерлерімізді жалақы сақталмайтын демалысқа жібердік. Бірақ 50 пайыз жалақыларын төлеп отырмыз.
Дәл осы «АрселорМиттал Теміртауға» қарасты «Саран» шахтасында күні кеше өрт шыққаны белгілі. Абырой болғанда жерастында еңбек етіп жүрген кеншілер уақытында түгел сыртқа шығарылып, өрт сөндірілді. Оқиғаның себебі анықталып жатыр.
Руслан Нұрланұлы