Ақмола облысының Барап ауылында жерге қатысты дау шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысының Барап ауылында жерге қатысты дау шықты

25.08.2023

Ақмола облысының Барап ауылында жерге қатысты дау шықты. 816 гектар жердің шаруашылық иесіне заңсыз берілгені жөнінде сот шешім шығарған. Бірақ мұнымен келіспеген шаруа апелляциялық шағым түсіріп, іс созбаққа салынуда. Енді халық іс бұрмаланып, сот шешімі өзгеріп кетеді ме деп алаңдайды.

Самал Қабышева, тілші:

Бұл Барап ауылы халқының жылқысы. Халық 500 бас жылқымыз бар деп отыр. Бірақ жайылым жердің жоқтығы салдарынан тұрғындар малды осылай қоршаудың ішінде ұстауға мәжбүрміз дейді.
Қайрат Әлімжанов, Барап ауылының тұрғыны:

Бір екі сағат шығарамыз да, қайта қамаймыз. Әбден құлап қалмас үшін. Ана жаққа барсақ анау менің, мына жақта менің жерім дейді.
Ал бұл - соттың шешімі. Барап ауылындағы 816 гектар жердің қожалық иесіне заңсыз берілгені жазылған. Сол себепті, келісім-шартты заңсыз деп тану жөнінде шешім шығарған. Барап ауылының халқы сот әділ шешім шығарды, енді жер халық игілігіне беріледі деп күткен еді. Бірақ жер иесі аппеляциялық шағым түсіріп, енді халық іс бұрмаланып кете ме деп қауіптенеді

Нұрлан Сәдуақасов, Барап ауылының тұрғыны:

Бір күні мына автобанды жабамыз. Осы кәрі құртанымыз бар, бала-шағамыз бар, барып сол жерге жатып аламыз.
Ғалия Жармұқанбетқызы, Барап ауылының тұрғыны:

Ауылда тып-тыныш жатқан бізді бұзбасын. Ұямызды бұзбай, жерімізді қайтарсын.
Таха Исламұлы, Барап ауылының тұрғыны:

2019-2020 жылдары осында отырған 12 кісі Атамекеннен «Игілік» бағдарламасы бойынша кредит алғанбыз. Мал өсіреміз деп, бірақ біздің сол алған малымызға бағатын жер жоқ.
Ауыл әкімі де халықтың мал жаятын жері жоқ екенін растап отыр. Ал халық әкіміміз бізге жақын емес деп өкпелі. Ойымды қазақша жеткізе алмаймын деген шенді жерге қатысты сот шешімі халықтың мүддесіне шешілуі керек деп санайды.

Әлібек Қанатов, Ақкөл ауданына қарасты кеңес ауылдық округінің әкімі:

Я по казахский не могу правильно выразиться. Должно в пользу насиление решится. Но думаю решится.

Барап ауылының халқы егер жайылым жер халықтың иігіліне берілмесе республикалық маңыздағы күре жолды жабамыз деп бекініп отыр. 


Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу