Басты Жаңалықтар Түркиядағы Чанаккале облысындағы өрт егістіктен шыққан

Түркиядағы Чанаккале облысындағы өрт егістіктен шыққан

Түркияның батысындағы Чанаккале облысында кеше кешке қарай басталған орман өрті ауыздықталды. Бұл мәліметті елдің ауыл шаруашылығы және орман министрі мәлімдеді. Қазір өртті толық сөндіру жұмыстары жүріп жатыр. Төтенше жағдай туралы соңғы ақпаратты бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған Түркиядағы тілші Айдос Әшімұлы айтып береді.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Чанаккаледегі алапат орман өртінің таралуы аз уақыт бұрын тоқтатылды. Мамандар 200 мыңға жуық тұрғыны бар Чанаккале қаласы мен өзге де елді мекендерге қауіп төніп тұрмағанын айтты. Кешеден бері оқиға орнында жеті арнайы өрт сөндіру ұшағы мен 22 тікұшақ және жүздеген өрт сөндіру машинасы жұмыс істеді. Өрттің ауыздықталуына қатты желдің саябырсуы да мүмкіндік берген. 21 сағат ішінде алапат өрт 9 елді мекенді шарпып, оншақты үй отқа оранған. Қою түтіннен иіс тиіп уланып қалған 72 адам ауруханаға жатқызылды. Ал барлығы қауіпті аймақтан 1251 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Оқиға орнында жүрген Түркияның Ауыл шаруашылығы және орман министрінің сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

Ибрахим Юмаклы, Түркияның ауыл шаруашылығы және орман министрі:

Түні бойы ауылдарды аралап, тұрғындарды қауіпсіз жерлерге көшірдік. 9 ауылда бірнеше үй мен қора-қопсы отқа оранған. 85 қой ешкі мен 3-4 ірі қара мал шығыны бар. Дәл қазір бірде-бір адамға қауіп төніп тұрған жоқ. Ұшақтардың теңізден су алуына кедергі келтірмесі үшін Чанаккале бұғазында кемелердің жүруіне бүгін кешке дейін тыйым салынды.

Айдос Әшімұлы, тілші:

Өртке оранған 1500 га алаңның 800 га орман, қалған 700 га егістік алқаптар. Министрдің айтуынша, өрт бір ауылдың маңындағы егістіктен шыққан. Қазір өрттің өздігінен тұтанғанын немесе қасақана қойылғандығын мамандар анықтап жатыр. Түркияда биыл ерекше ыстық болып тұр. Елдің көп бөлігінде жаз бойы жаңбыр жауған жоқ. Сондықтан әр жерде орман өрттері де жиі болып жатыр.

Айдос Әшімұлы

Бөлісу