АЭС салынуы мүмкін Алматы облысына қарасты «Үлкен» ауылында бүгін ашық талқылау өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АЭС салынуы мүмкін Алматы облысына қарасты «Үлкен» ауылында бүгін ашық талқылау өтті

22.08.2023

АЭС салынуы мүмкін Алматы облысына қарасты «Үлкен» ауылында бүгін ашық талқылау өтті. Елдімекенге жауапты мамандар, экологтар арнайы келді. Олар ауыл тұрғындарының пікірін тындады. Қазақстанда атом электр станциясын салмас бұрын, барлық өңірінде қоғамдық ашық талқылау өтетін болады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

АЭС қайда салынады? Бұл бірнеше жылдан бері қоғамда қызу талқыланып келе жатқан мәселе. Орталық салуға қолайлы өңірдің бірі «Үлкен» ауылы. Мұндағы тұрғындардың көбі жаңа станция ашылса, ауыл қайта жанданады деп сенеді. Десе де қарсылығын білдіргендер де бар.
Бір кездері 12 мың халқы болған бұл «Үлкен ауылында» қазір небәрі 2 мыңға жуық адам тұрады екен. Станция салу үшін неге осы жер таңдалды деген заңды сұрақтың туатыны түсінікті. Мамандар мұнда жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік мол екенін инфрақұрылыммен байланыстырып отыр.

Асұлан Сиябеков, «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС бөлім инженері:

Инфрақұрылымы ыңғайлы болды. Өздеріңіз білетін шығарсыздар 96-97 жылдары Балхаш атом электр станциясы салынбақшы болған. Ол жобалар белгілі бір себептермен аяғына дейін жеткізілмеді. Ол жұмыстарды жүргізген кезде инфрақұрылымдық жағдайға мән берілген болатын.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ал экологтар жобаның қоршаған ортаға, «Үлкен» ауылы маңындағы Балқаш көлі мен ондағы тіршілікке залалы тие ме деп қауіптенеді. Ядролық физика институтының мамандары болса ешқандай қауіп болмайды деп кесіп айтты. АЭС озық үлгідегі тың технологияның көмегімен салынатынын жеткізді.

Саябек Сахиев, Ядролық физика институтының директоры:

Радияцияны қайтадан Балқашқа тастайтын жағдай жоқ. Неліктен? Өйткені су сору реакторына да қауіпсіздік қамтамасыз ету құрылыстары ескерілген. Мысалы, 1986 жылы Чернобыль апаты, Фукисима ол барлық реакторлар су сору реакторлары емес, олар өзге типтегі реакторлар.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Қазақстандағы электр энергиясын өндіретін станциялардың 70 пайыздан астамы көмірмен жұмыс істейді. Мамандар көбінің ескіргенін алға тартты. Сондай-ақ, соңғы жылдары оңтүстік өңірде электр энергиясының тапшылығы сезіле бастағаны тағы бар.

Нұрлан Ертас, Жамбыл ауданының әкімі:

Атом электр энергиясын дамыту бізге өте қажет. Оның ішінде АЭС салу. Бұл жерде бірінші кезекте тұрғындардың жұмыс орындары, инвестиция, жалпы тұрғындардың тұрмыс деңгейінің көтерілуі біздің басты мақсат.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Станцияның қуаты 1,4 Гвт-қа дейін жетпек. Бұл елдегі электр энергиясы тапшылығын 10 пайызға қысқартады дейді мамандар. Жобаны жүзеге асыруға Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея мен Франция елдері ниет білдіріпті. Айта кету керек, АЭС салуға қатысты қоғамдық ашық талқылау Қазақстанның барлық ірі қалаларында өтеді. Содан соң барып, нақты шешім қабылданбақ.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу