Бүгін ел тыныштығын тәулік бойы күзететін шекарашылар күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін ел тыныштығын тәулік бойы күзететін шекарашылар күні

18.08.2023

Бүгін – шекарашылар күні. 5 мемлекетпен шектесетін Қазақстан достық пен татулықтың ерекше үлгісін көрсетіп отыр. Себебі 15 мың шақырымнан асатын шекара бойында антқа берік, рухы асқақ қыз-жігіттер еңбек етеді. Тәуелсіздік жылдардан қалыптасқан қырағы қызмет заман талабына сай жасақталып, жыл санап қанат жайып келеді.

Бейбарыс Сүйеуовтің шекарашы болғанына бір жылдан асты. Каспий жағалауында азаматтық борышын өтеп жүр. Қысқа мерзімде сенімді ақтады. Шыңдалды. Ата-ананың сеніміне селкеу түсірмеді. Қазір шегенделген шекараны күзеткен қырағы сарбаз.

Бейбарыс Сүйеуов, ҚР ҰҚК ШҚ МО бойынша департаменті «Ақшұқыр» шекара бөлімшесінің аға операторы:

Шекарашы болу үшін ең алдымен қырағылық, ұқыптылық, тиянақтылық керек. Өйткені біздер күннің ыстығында, суығында әрдайым шекараны күзетеміз. Және әрқашан жауынгерлік рухта боламыз.

3 жыл бұрын Президент пәрменімен салада реформа жүргізілді. Элиталы әскер саналатын шекара қызметі жаңа белестерді еңсеруге бет алды. Ауқымды реформаны жүргізуде Қытай, Израиль мен Еуроодақ елдерінің тәжірибесі ескерілді. Еліміз Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанмен шектеседі. Құрлықтағы шекара – 13 мың шақырымнан асады. Суда – 1 700 шақырым. 101 өткізу пункті бар. Оның ішінде Ресеймен – 51, Қытаймен 7 , Қырғызстанмен – 8, Өзбекстанмен – 11, Түрікменстанмен – 2 пункт жұмыс істейді. Сондай-ақ, 3 теңіз және 19 авиациялық пункт бар. Қазір саланы цифрландыруға басымдық беріліп отыр. Оның сыртында күнделікті жаттығу шекарашылардың тәжірибесін арттырады.

Сүлеймен Тынышбек, ҚР ҰҚК ШҚ МО бойынша департаменті «Ақшұқыр» шекара бөлімшесінің басшысы:

Шекара наряды барысында әртүрлі техникалық құралдарды пайдаланумен және локациялық станцияларды қолданумен мемлекеттік шекараны күзетеді. Шекара бөлімшесінің алдағы мақсаты – шекаралық аумақта мемлекеттік шекараны бұзу белгілерін барынша болдырмауға тырысамыз.

Қазір құзіреті кеңейген қызметке жүктелген жүк ауыр. Шекарадан тәулігіне орта есеппен 190 мың адам және 30 мың көлік өтеді. 7 айда бөтен немесе жалған құжат пайдаланған 150-ден астам азамат ұсталды. Заң бұзған 5 мыңнан астам адам мен 10 көлік компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Іздеуде жүрген 227 ел азаматы мен шетелдіктер ұсталды. 3 млрд теңгеге жуық сомаға шетел валютасын әкетудің жолы кесілді. Қазір әуежайларда келушілерді биометрия арқылы тексеру технологиясы енгізіліп жатыр. Бұған қоса 40-тан астам көлік өткізу пунктінің инфрақұрылымы жаңартылады. Жаңа «Достық» және «Қалжат» бекеттерінің құрылысы жүріп жатыр.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу