Атырау облысындағы моноқала Құлсары қайта түлейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысындағы моноқала Құлсары қайта түлейді

18.08.2023

Атырау облысындағы моноқала Құлсары қайта түлейді. Қазір жаңғырту жұмыстары басталды. Ал қаланы құлазытып тұрған ескі үйлер сүріле бастады. Тұрғындарды ауыз сумен қамту мақсатында су тарататын жаңа нысан бой көтереді.

Құлсары құлаудың аз-ақ алдында тұрған екі қабатты ескі үйлерден құтыла бастады. 8 үй күреліп, иелері жаңадан салынған баспаналарға жайғастырылды. Әбден тозып, қабырғасы қаусаған әлі 123 тұрғын жай бар. Дені елуінші жылдары салынған. Құрманай Төрешова ескі пәтерден қауіп көп дейді. Жақында немересі сынған баспалдақтың кесірінен бірінші қабатқа құлап кеткен.

Құрманай Төрешова, Құлсары қаласының тұрғыны:

Бестегі немерем мынадан түсіп кетті.Байқамай қалды ма? Ұстай алмай қалды ма? Бір жетідей аяқ-қолы ауырып жүрді. Ауыртып алды.

Мұнайлы шаһардағы 226 көпқабатты тұрғын үйдің бірде-бірі 10 жылдан бері терможаңғыртудан өтпеген. Ауданның электр желісі алдағы уақытта жаңартылатын болады. Моноқаланың ауыз су мәселесі де өзекті.

Қанатбек Дүйсемәлиев, Құлсары қаласының тұрғыны:

Өзіміз былай «Жылыой» суға барып, біз айтып жатырмыз неге үлкен насос алмасқа деп. Оны алған жағдайда бізде пластик тұрба, соның задвижкалары шіріп кеткен, шыдамайды. Жарылып кетеді дейді.

Қалаға су беретін Жылыой су мекемесі күніне 10 мың текше метр су айдайды. 9 жыл бұрын демеушілікпен салынған нысанның техникалық базасы жаңартуды қажет етіп тұр.

Нұрипа Қанаева, «Жылыой Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының операторы:

Күні-түні 3 қысыммен кетіп жатыр. Соның өзінде су жетіңкіремейді. 2014 бергі насостар ғой. Тек майын құйып амалдап жатырмыз.

Құлсарыдағы ескі үйлерді апатты деп тану үшін техникалық байқау жүргізуге құжаттар жинақталып жатыр. Сондай-ақ шаһардағы Жылыой судың тозған 4 сорғысы екі айда қайта жаңартылады. Сонымен қатар, тұрғындарды ауыз сумен кедергісіз қамту мақсатында жаңа нысан бой көтермек. Бұдан өзге екі шағын ауданға су қысымын күшейтетін насосты станса салынады. Жобасы әзірленуде. Құрлысы келер жылы басталады.

Қадыржан Адинов, Құлсары қаласының әкімі:

Жылыой ауданын үздіксіз ауыз сумен қамтамассыз ету мақсатында су тазарту ғимаратының құрылысын салу жоспарланып отыр. Жоба бойынша тәулігіне 30 мың текше метр ауыз суды өзіміз тазалап тұрғындарға береміз деп жоспарлап отырмыз.

Әкімдік сөзіне сенсек, айналасы бір-екі жылда Құлсары көшелері құлпырады. Балалардың ойын алаңы мен аулаларды абаттандыру үшін 3 млрд 758 млндай қаржы қаралған. Құрылыс жұмыстары қазірден басталып кетті.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу