Шығыс Қазақстан облысындағы ірі қалаларда қазандықтар мен жылу құбырларын жөндеу аяқталып қалды. Қазір мазут пен көмір дайындау жұмыстары атқарылып жатыр. Ал Риддер жылыту орталығында бүгінге дейін жалпы жұмыстың 50 пайызы атқарылды. Егер осы қарқын бәсеңдемесе қыркүйектің жиырмасында негізгі төрт қазандық іске қосылады.
Шығыстағы ірі қалалардағы жылу жүйелерінің көбі ескі. Кейбір қазандықтардың салынғанына 50-60 жыл болған.Орталық құбырлар да тозып тұр. Сондықтан қысқа дайындық биыл өте ерте басталды. Әуелі Өскеменнің шеткі шағын аудандардағы магистралдар жаңаланып жатыр.
Иван Шелаев, учаске бастығы:
Біздің бригада жұмысты бірінші болып маусым айында бастадық. Қазір дәнкерлеу мен қысым көтеретін насостардың бәрін орнаттық. Енді құбырдың сыртын орап жатырмыз. Бұл аумақтағы көпқабатты үйлерге ортақ жүйе толық жаңарды. Ол шамамен 1 шақырымдай болады. Енді тек орталық магистралдың бетін жауып, осы аумақты ретке келтіреміз.
Қалада жылу жүйесін ретке келтіру үшін оннан аса бригада құрылды. Олар қазір бірнеше аумаққа бөлініп жұмыс істеп жатыр. Жалпы Өскеменде 449 шақырым жылу құбырның 65% ескі. Осы жазда әбден тозған 6 шқарым құбыр жаңаланды.
Марат Нұрғазин, техникалық директор:
Жөнделген және жаңадан ауыстырылған құбарларды сынақтан өткізу жұмыстары да аяқталды. Қазір тек қысым насостарын ауыстыру және құбыр тартылған аумақтарды реттеп, абаттандыру жұмыстары ғана қалды. Біз бұл жұмыстың бәрін көктемде ерте бастағандықтан кестеден бұрын аяқтап жатырмыз.
Қаладағы «Өскемен» және «Согра» жылыту электр орталығындағы қазандықтар да ішінара жөнделді. Ал қыстан қалтырап шыққан Риддерде жалпы жұмыстың тең жартысы атқарылды. Жылыту орталығын жөндеуге республикалық бюджеттен 8 миллирад 400 миллион теңге бөлінді.
Нұрлан Рамазанов, облыстық ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:
Қазандықтардың дайындығы 50 пайызға жетті. Біз барлық жұмыстар бойынша жұмыс кестесін жасап, және күнделікті қадағалаудамыз. Орта қысымда 3 қазандық, жоғары қысымдағы 1 қазандықты біз қыркүйек айына дайындап отырмыз.
Егер күн райы күрт салқындаса Риддердегі балабақша, аурухана сияқты әлеуметтік нысандарға жылу қыркүйек айында беріле бастайды.
Жыл сайын суық түсе Өскеменде көмірге талас басталады. Өйткені өңірдегі жеке үйлер 447 мың тонна көмір жағады. Биыл тапшылық болмас үшін мамыр айынан бастап темір жол тұйықтарына көмір жеткізілді. Бүгінге дейін тұрғындар 186 мың тоннасын алып үлгерген. Ал облыстағы жылыту электр орталықтары бір қыста 2,5 миллион тонна көмір жағады. Қазір осы жеке қазандықтар мен стратегиялақ нысандардың қоймаларына қыстық отын тасымалданып жатыр.
Олжас Керейхан