Шымкентте балалар лагерлері талапқа сай жұмыс істемей келген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте балалар лагерлері талапқа сай жұмыс істемей келген

16.08.2023

Шымкентте балаларды сауықтыру лагерлерінің жұмысынан көптеген кемшілік анықталды. Прокурорлардың мәліметінше, 220 балаға шақталған «Үш бұлақ» демалыс орнында 310 оқушы дем алған. Яғни, бір баланың ұйықтайтын орны талапқа сай 4 емес, небәрі 2,8 шаршы метр ғана. Қызметкерлердің еңбек шарты болмаған.

Ал медициналық қызметті біліктілігі жоқ адамдар көрсетсе, медбикенің арнайы сертификаты болмаған. Медициналық кабинеттер белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні былай тұрсын, онда тиісті дәрі-дәрмектер мен жабдықтар да жоқ болып шықты. Ал «Hawaii» лагерінде бір маусымда 478 бала дем алған.Нысан өртке қарсы дабыл жүйесімен жабдықталмаған. Өз қызметін міндеттелген санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысыз жүзеге асырған. Қазір прокурорлар тиісті тексерулерді жүргізіп жатыр.

Рауан Оспанов, қалалық прокуратура басқармасының аға прокуроры:

Қала аумағында орналасқан лагерлерде атап айтқанда өртке, санитарлық талаптардың орындалмауы, бейнебақылау камераларының жоқтығы, лагердегі қызметкерлердің еңбек шартынсыз жұмыс істеуі сияқты көптеген заңбұзушылықтар анықталды. Қазіргі таңда уәкілетті мемлекеттік органдарға қала прокуратурасы осы заң бұзушылықтарды жою бойынша қадағалау АКТ енгізді.


Айнұр Әбілқасымқызы 

Хабарламаларға жазылу